Лифтіде күйеуінен соққы жеген әйел істің сотқа жеткенін қалайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында күйеуінен лифт ішінде таяқ жеген әйел болған жағдайдың заң аясында қаралуын сұрап отыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы Гүлмира Шырахметова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жәбір көрген әйелмен үнемі байланыстамын. Болған жағдайға қатысты қылмыстық іс тіркелді. Дегенмен іс сотқа жетпей жатыр. Аталған отбасы бүгінде Шымкент қаласына көшіп кетті. Олар елордада тұрмаған. Нұр-Сұлтан қаласына оқиға болардан 1 ай бұрын ғана келген. Қазір таяқ жеген әйел балаларымен бірге өз ата-анасының үйінде тұрып жатыр. Ал күйеуі бөлек тұрады. Жәбірленуші күйеуін кешіргісі келмейді және істің сотта қаралғанын қалап отыр», - деді Гүлмира Шырахметова полиция департаментінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, үйдің үлкендері отбасылық кикілжіңнің бұрыннан барын білген.

«Әйелді күйеуінен қорғау парақшасы алынды, дегенмен оның уақыты бітті. Әзірге одан күйеуіне қатысты басқаша арыз, шағым түспеді», - дейді ол.

Полиция департаменті өкілдерінің мәліметінше, іс сотқа жетсе елордада қаралатын болады.

Еске сала кетсек, биыл мамырда Нұр-Сұлтан қаласында лифт ішінде әйелді соққыға жығып жатқан ер адам туралы видео желіде тараған еді.

Кейін полицейлер жәбірленушіні анықтап, ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғады.


Соңғы жаңалықтар