Литвада Абай мен әл-Фараби туралы кітаптар таныстырылды
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Литвадағы Елшілігі мәлім етті.
«Литвалық оқырмандардың назарына Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің және қазақ ағартушысы Абай Құнанбайұлы туралы жазылған елуден астам кітап ұсынылды», делінген аталған хабарламада.
Көрме барысында Қазақстан және Литва арасында серіктестерімен келіссөздер жүргізіліп, Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың 7 қыры» атты бағдарламалық мақалаларын іске асыру аясында ғылыми және көркем әдебиет саласындағы бірлескен жобалар жүргізу туралы келісімшарттарға қол қойылды.
Халықаралық Вильнюс кітап көрмесі Балтық елдерінде ең ірі және маңызды кітап көрмесі болып саналады.
4 күндік көрмеде 500-ден астам мәдени іс-шаралар өткізіледі деп жоспарланып, Литва және мемлекет аумағынан 60 000-нан астам көрермен келеді деп күтілуде.