Мәдениет министрі Ескендір Хасанғалиевтің отбасына көңіл айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова әйгілі әншi, композитор, Ескендір Хасанғалиевтің жақындары мен туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақ өнері ауыр қазаға ұшырады. Тағы бір дархан жүректі халқымыздың дара перзентінің жүрегі тоқтады. Бар болмысы елім деп жырлайтын Ескендір ағамыз көш-керуенге ілесіп, келместің кемесіне мініп арамыздан кете барды деген суыт хабарды естіп, қабырғам қайысып отыр. ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігінің атынан танымал əнші, композитор, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет», «Отан» орденінің, «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері Ескендір Өтегенұлы Хасанғалиевтің қайтыс болуына байланысты Хасанғалиевтер əулетінің қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын», - деп жазды А. Райымқұлова Facebook парақшасында.

Министр Е. Хасанғалиевтің ғибратты ғұмырын əн мен саз əлеміне арнап, қазіргі қазақ эстрадасының негізін қалаған өнер иесі, отбасы мен ортасына қорған болған абзал азамат болғанын жазды.

«Ағамыздың «Атамекен», «Әдемі», «Асыл арман», «Өмірімнің жазы», «Ескірмеген махаббат» өзге де әндерін білмейтін қазақ жоқ. Шет мемлекеттерде де тыңдарманның ыстық ықыласына бөленген туындылары біздің арамызда мəңгі өмір сүреді. Мәнерлі музыкасымен өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылығы қазақ мəдениетінің құнды қазынасы. Өнер майталманының асыл бейнесі қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады. Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», - деді Мәдениет және спорт министрі.

Ескендір Өтегенұлы Хасанғалиев 1940 жылы 13 ақпанда Батыс Қазақстан облысында туған. 1959 жылы Құрмaнғaзы aтындaғы Aлмaты мемлекеттiк консервaториясының вокaльды-хор фaкультетiн, 1978 жылы Әль-Фaрaби aтындaғы Шымкент мәдениет институтын бітірді. Өмірін өнерге арнаған Хасанғалиевтің «Атамекен», «Әдемі», «Асыл арман», «Өмірімнің жазы», «Ескірмеген махаббат» әндерін білмейтін қазақ жоқ.

Ескенді Хасанғалиев – қазақтың ән өнеріне зор үлесін қосқан сазгер. Оның репертуарындағы авторлық туындылары ел жүрегінен ойып тұрып орын алған. Шығармашылық ғұмырында орыс, татар, неміс ақындарының өлеңдеріне де ән жазған. 200-ге жуық ән, романс және хорға арналған шығармалардың автор болды.

Ескендір Хасанғалиев пен жұбайы Дарико Хасанғалиеваның екі қызы мен бір ұлы бар.

Бұған дейін даңқты әншінің өмірден өткенін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар