Мағзұм Мырзағалиев ауасы қатты ластанған 10 қаланы атады
«2019 жылдың қорытындысы бойынша атмосфералық ауаның экологиялық мониторингіне сәйкес 45 елді мекеннің ішінде 10 қала атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне жатады. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент. Сонымен қатар, ластаушы заттар шығарындыларының едәуір көлемі Павлодар облысына тиесілі», - деді Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында.
Министр өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту шаралары жөніндегі сөзін Алматы қаласынан бастады.
Айтуынша Алматы қаласында ауаның ластануы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 жылу көздерінің, автокөліктердің және қалаға іргелес Алматы облысының газдандырылмаған жеке үйлерінің шығарындыларымен байланысты.
«Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсарту үшін дайындалған жол картасында 20 іс-шара қарастырылған. Оның ішінде негізгісі - ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 газға ауыстыру, қалаға іргелес жатқан жеке меншік үйлерді газдандыру, коммуналдық және қоғамдық автокөліктерін табиғи газға көшіру, дизель отынымен жүретін қоғамдық көлікке кезең-кезеңмен тыйым салу, транзиттік көліктердің кіруіне/жүруіне шектеу қою жағын қарастыру және көгалдандыру. Сонымен қатар жел режиміне зерттеу жүргізу және соны ескере отырып, сәулет келбеті ережелеріне өзгерістер енгізу және құрылыстың бас жоспарын түзету болып отыр», - деді ол.