Мағзұм Мырзағалиев қай өңірлердегі егіс алқаптарында су тапшылығы болуы мүмкін екенін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев еліміздің қай өңірлеріндегі егіс алқаптарында су тапшылығы болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы вегетациялық кезеңге дайындық мәселесі де маңызды болып отыр. 2020 жылға арналған гидрологиялық болжамға сәйкес, еліміздің оңтүстік және батыс аймақтарында су аз болуы мүмкін. Осыған орай біз тиісті шаралар қабылдадық. Су қоймаларының жұмыс кестесі қайта қаралып, әзірленді. Осы жұмыс кестелерін дайындау барысында суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету есепке алынды. Қазіргі таңда су қоймалары толтырылып жатыр», - деді министр Үкімет отырысында.

Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында 205 километр канал тазаланды және бұл жұмыс әрі қарай жалғасуда. Сондай-ақ, 335 гидротехникалық нысан жөнделіп, 39 километр каналдар бетонмен қапталды.

«Сонымен бірге, көрші мемлекеттерде де су тапшылығы байқалып отыр. Бұл ретте олардан бізге қажетті су көлемі келмей қалады деген қауіп бар. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, осы ақпаратты дихандарға, шаруашылық иелеріне жеткізуді сұраймыз. Осы жайтты ескере отырып, олар дайындық жұмыстарын жүргізу қажет. Біз өз тарапымыздан өзбек, қырғыз және тәжік әріптестерімізбен тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біздің басты назарда – Сырдария, Шу, Талас өзендері, сондай-ақ мемлекетаралық каналдар бойынша Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарына қажетті су түсуін қамтамасыз ету. Осыған орай, видеобайланыс арқылы 10 сәуірде су шаруашылық министрліктерінің арасында консультациялар өткізу жоспарланған», - деді М. Мырзағалиев.


Соңғы жаңалықтар