Мақтаарал ауданында апат салдарын жоюға жергілікті қоғам белсенділері тартылған

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Мақтаарал ауданындағы топан су салдарын жоюға мемлекет, тұтас қоғам мен ел атсалысып жатыр. Өңірде қоғамдағы туындаған мәселелердің ашық түрде шешілуін, гуманитарлық көмектің әділ жеткізілуін қамтамасыз ету жұмыстарына жергілікті қоғам белсенділері де тартылып жатыр, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек жеткізіліп, тұрғындардың үйлерін салу мен өтемақыларын төлеу бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Алдымен топан су шайып өткен елдімекен тұрғындарының қатысуымен жиналыстар өткізілуде. Тұрғындар өз ауылдастарының арасынан белсенді өкілдерін сайлады. Атап айтқанда, Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдарынан жалпы 25 белсенді сайланып, өз жұмыстарына кірісіп кеткен. Олар өз ауылдастарының арыздары мен өтініштерін, мәселелерін мемлекеттік органдарға немесе арнайы штабқа жеткізеді. Тиісінше мемлекет тарапынан берілетін көмектер, өтемақы мен баспанаға құжат жинау, азық-түлік үлестіру және өзге де жаңалықтар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Халық пен билік арасында алтын көпір болып жүрген белсенді азаматтардың арасында ауыл билері, түрлі сала өкілдері бар. Жалпы топан су салдарын жоюға мемлекеттік органдармен қатар түрлі қайырымдылық қорлары, волонтерлар клубтары, «Nur Otan» партиясы, жастар ұйымдары белсене атласысып жатыр. Сонымен бірге «Ауыл» партиясынан да гуманитарлық көмек жеткізілді. Бұл – елімізде азаматтық қоғамның қалыптасқанының белгісін көрсетеді.

Еске салайық, топан су салдарынан алдын ала есеп бойынша 6 мыңнан астам тұрғыны бар 5 елдімекенде 965 тұрғын үй су астында қалған. Мырзакент ауылының маңынан жаңа шағынауданға жер бөлініп, 505 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Ауданда топан суды сору, түрлі қалдықтардан тазарту жұмыстары жалғасуда. 10 эвакуациялық орталықтарда 2715 тұрғын орналастырылған. Оларға тұрақты түрде көмек көрсетіліп жатыр. Сонымен бірге туыстары мен жақындарының үйін паналап жүрген су басқан ауыл тұрғындары да азық-түлікпен, гуманитарлық көмекпен қамтылған.


Соңғы жаңалықтар