Мақтааралдық диқандар 1 мың тонна қарбыз экспорттады

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат - Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында диқандар 1 мың тонна қарбыз бен 20 тонна қауынды экспортқа шығарды. Бұл туралы Мақтаарал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалым Дүйсенбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғалым Дүйсенбековтың айтуынша, Мақтаарал ауданы диқаншылыққа өте қолайлы аймақ. Ерте көктемнен егістікке кірісетін шаруалар бақша дақылдарын ТМД елдеріне тасымалдап келеді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасы аясында да атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде. Мәселен, Жалын елді мекенінде орналасқан «Жорабек» шаруа қожалығы ерте піскен өнімін Беларуське экспорттап жатыр. Қожалықтың басшысы Райымбек Қалдыбаев қарбыздың «Долби» атты сұрпын егіп, 60 күнде өнімін жетілдірген. Жуырда ол жүк көлігімен 25 тонна өнімді шетелге жөнелтпекші. Диқан қарбыздан соң егістік жеріне мал азықтық дақыл түрлерін егіп, бір жылда екі рет өнім алуды жоспарлап отыр.

«Жалпы аудан бойынша биыл 10 667,3 гектар жерге бақша дақылы егілген. Оның ішінде пленкалы қауын 3 535,7 гектар, ашық топырақта егілген қауын 5867,6 гектарды құрайды. Сондай-ақ, пленкалы қарбыз 831 гектарды, ашық топырақта егілген қарбыз 433 гектарға жетіп отыр. Өткен жылы ауданда 300 мың тоннаға жуық бақша өнімдері өндірілген болатын. 12 айда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 44,9 миллиард теңгені құраған еді»,- дейді Ғалым Дүйсенбеков.


Соңғы жаңалықтар