Мақтааралға Алматы облысынан 260 тонналық гуманитарлық көмек келіп жетті

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Топан су басқан Мақтаарал ауданына Алматы облысынан 260 тонналық гуманитарлық көмек келіп жетті. 100 тонна азық-түлік пен 160 тонна құрылыс материалдары 15 жүк көлігіне тиелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясының «Біз біргеміз» акциясы аясында жеткізілген көмек керуенінде азық-түлік пен гигиеналық заттар, құрылыс материалдары бар. Барлық жүктер облыстық штабтың Атакенттегі орталықтандырылған қоймасына жеткізілген. Ал, құрылыс материалдары Мырзакент кентіндегі құрылыс базасына түсірілді. Айта кетейік, көмек керуенін Алматы облыстық жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы Жомарт Қаратас пен «Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев бастап келген.

Жомарт Қаратастың айтуынша, гуманитарлық көмекпен бірге тасқын болған аймаққа талдықорғандық 20 ерікті жас та жеткен. Олар алдағы уақытта Мақтаарал ауданындағы құрылыс жұмыстарына атсалысып, түркістандық еріктілермен қоян-қолтық еңбек етеді.

«Қазақ елі қашанда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қиын сәтте бірлікпен бір-біріне демеу бола білген халық. Еліміз осындай сын сағатты бастан кешіріп жатқан шақта Түркістан облысы Мақтаарал ауданында болған апат барша қазақстандықтарды алаңдатып отырғаны белгілі. Осы орайда Мақтаарал халқына ел болып қолдау көрсетіп, мемлекетіміздің түкпір-түкпірінен көмектер тоқтаусыз келіп жатыр. Бүгін бізде облыс әкімі Амандық Баталовтың бастамасымен Жетісу жұртшылығының аманатын арқалап келіп отырмыз. Бұл көмек керуеніне киелі өңіріміздің кәсіпкерлері мен демеушілері және еріктілер өз үлестерін қосты», - дейді Жанболат Жөргенбаев.

Жетісу жұртшылығы жіберген 260 тонна жүктің ішінде 18 тонна ұн мен 7 тонна күріш, 3 630 литр сұйық май мен 6 тонна макарон және басқа да азық-түліктер бар. Сондай-ақ, 6 мың шаршы метр құрылыс ағашы мен 100 тонна цемент, 20 мың дана кірпіш пен 90 қап құрылыс қоспасы, 15 тонна гипсокартон мен 10 тонна құрғақ қоспасы бар.


Соңғы жаңалықтар