Мал шаруашылығы ауыл маңынан алыстар емес - «Ауыл» партиясы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 180 млн гектар жайылымымыз бола тұра мал шаруашылығы ауыл маңынан алыстар емес. Бұл туралы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл – ел ырзығының иесі! Мұны естен шығармағанымыз абзал. Агроөнеркәсіп кешені мен ауыл мәселесін бөліп қарауға болмайды! Мемлекет тарапынан қаржы нашар бөлініп жатқан жоқ. Жыл сайын «Ауыл шаруашылығын дамыту» туралы мемлекеттік бағдарламасы бойынша 350-400 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Өкінішке орай сол қаржылардың тиімділігі төмен. Негізінен ірі шаруашылықтарға тиесілі. Өнімнің негізгі бөлігін, 60-65 пайызын өндіретін майда және ұсақ шаруашылықтар сол қаржының 5 пайыз бөлігін ғана пайдаланады. Шаруаларды қолдау бағдарламалары жаңа министр келген сайын ауысады. Агросаясатта тұрақтылық болмай тұр « , - деді ол партияның кезектен тыс XVIII съезінде.

Оның атап өтуінше, шеберлік жоспарлар, агрокарталар, азық-түлік белдеуін құру, ет экспорты сияқты бағдарламаларға қыруар қаржы көзі бөлінсе де, бастама алған жақсы идеялар аяғына дейін орындалмайды.

«Біздің елімізде ауыл шаруашылығында өндірілетін өнімдердің 40 пайыз ғана қайта өңдеуден өтеді. Өкінішке орай қалғанының барлығы шикізат түрінде шетелге сатылуда. Астық өндірісінде осыған дейін өмір сүріп келген ұн өндіру кәсіпорындарының көпшілігі жабылды. Ұн экспорты бойынша көшбасышылықты басқа мемлекеттерге қолдан бердік. Жүн мен тері өңделмей, қоймаларда шіріп, далада өртеніп жатса да мемлекет тарапынан бұл бағытта қозғалыс байқалмады.

Ата кәсіпті қолға алу керек деп айтсақ та агроөнеркәсіптің дәстүрлі бағыттарын, соның ішінде (қой және жылқы шаруашылығын қажетті деңгейде игере алмай келеміз. 180 млн гектар жайылымымыз бола тұра мал шаруашылығы ауыл маңынан алыстар емес», - деді Әли Бектаев.


Соңғы жаңалықтар