Мәлік Мырзалин мәслихат депутаттарына пайдалы кеңес айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин Президенттік жастар кадрлық резервіндегі азаматтармен кездесті. Жиынға келген мәслихат депутаттарына Мәлік Мырзалин пайдалы кеңестерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәслихаттарда құзырет өте көп. Өкінішке қарай оның көбін депутаттар пайдалана алмай жатыр. Менің өзім бұрын облыс әкімі болдым. Жалпы облыс әкімдігіндегі сатылардың бәрінен өттім. Егер мәслихаттарға белсенді әрі өңірі үшін талмай еңбек ететін адамдар келсе – онда әкімдіктерге ықпал етерлік жұмыс тетігі жетерлік. Осылайша халықты мазалап тұрған мәселелерге қаражат бірінші жолданар еді. Яғни мен мәслихат депутаттарының заң жүзіндегі құзыреттерін барынша пайдалануға шақырамын», - деді Мәлік Мырзалин Президенттік жастар кадрлық резервіндегі азаматтармен елордадағы кездесу барысында.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы мәслихаттардың өздері де қол жинай алатынын да айтқанын еске салды.

«Мәселелерді ашық көрсетіңіз. Халықты алаңдатқан проблеманы ашық айтыңыз. Әлбетте әр адамды өзі тұратын үй мен көше, суы мен газы, жолы алаңдататыны белгілі. Қаражат мақсатты түрде жұмсалуы керек – кент пен көшелер шағын болса, ол жаққа түсетін жүктеме де көп емес. Халық көп тұратын көшелер болса онда әкімдік пен мәслихат ақшаны сол жаққа аударуы керек», - деді спикер.

Сонымен қатар Мәлік Мырзалин осынау бірлескен жұмыс ойлы әрі пайымды түрде жүргізілуі керектігін еске салды.

«Бұл қандай да бір саяси манипуляцияға айналмауы тиіс. Кім қатты айқайласа – ақша сонда кетуі керек деген әдістен арылу керек. Мәслихат депутаттары дегенмен белсенді позицияны ұстануы керек. Қазір халық саяси тұрғыда ғана емес, құқықтық салада да сауатты. Саяси алаңда бәсекеге қабілетті болып, келесі жолы да сайлауда жеңуі үшін – әр депутат өз сайлаушыларының құқығын қорғай білуі тиіс», - деді Мәлік Мырзалин.



Соңғы жаңалықтар