Маман лифтілерді пайдаланудың талабына қатысты кеңес берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі лифтілердің отандық өндірісін дамытуға қолдау жасап отыр.

Сала сарапшылары Қазақстанның 3,2 мыңға дейін лифт шығара алатынына және лифт жабдығындағы негізгі қажеттіліктерді өз бетінше жаба алатынына сенімді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жыл сайын Қазақстан 5 мыңнан астам лифт импорттайды, ал қолданыстағы отандық өндіріс тұтынушылық сұраныстың 21,4 пайызын ғана жабады», - делінген министрлік мәліметінде.

Сарапшылардың пікірінше, нарықтың жылдық ауқымы 6920 лифт. Бұл-пайдалану мерзімінің аяқталуына байланысты ауыстыруды талап ететін жабдықты есепке алмағандағы көрсеткіш. 2020 жылдың соңындағы ақпарат бойынша, елімізде осындай лифтілердің 5,7 мыңы бар.

«Лифтілерді пайдаланудың нормативтік мерзімі - 25 жыл. Мінсіз жұмыс істеу үшін лифттер ай сайын қызмет көрсететін компания мамандары тарапынан жоспарлы тексеруден өтуі керек. Жылына бір рет техникалық куәландыру жүргізіледі. Лифт ресурсын ең көбі 2 жылға ұзартуға болады. Осыдан кейін лифтілерді қауіпті техникалық құрылғы ретінде жаңа жабдыққа ауыстыру немесе жаңғырту жүргізу қажет. Регламенттің сақталуын тұрғын үй иелерінің бірлестігі және тұрғындардың өздері қадағалап отыруы керек», - деді Қазақстан лифтшілері ұлттық қауымдастығының президенті Ержан Игібаев.

1 лифттің орташа құны 10 млн теңге болса, жаңа тұрғын үй құрылысы бойынша ғана нарық ауқымы 70 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар, сарапшылардың пікірінше, лифт жабдықтарына сұраныс жыл сайын 10 пайызға артып келеді.

Бұл қаражат еліміздің экономикасында қалуы үшін, жаңа жұмыс орындарын құруы және мемлекеттік қазынаны толықтыру бағытында Үкімет ҚР ИИДМ бастамасы бойынша лифт жабдығы өндірісін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына енгізді. Осы орайда өндірушілерге елеулі преференциялар алуға мүмкіндік береді.

Елімізде лифт жабдықтарын шығаратын 3 ірі кәсіпорын жұмыс істейді: «AUXE» Ақмола лифт құрылысы зауыты, «LGS KAZAKHSTAN ELEVATOR CROUP» ЖШС және «Алматылифт» ЖШС. Алайда, шетелдік өндірушілердің трансферттік технологияларымен кепілдендірілген жабдықтың бәсекелестік бағасы мен сапасына қарамастан, зауыттардың өндірістік қуаты толық жүктелмеген.

Мамандардың пікірінше, саланы мемлекеттік қолдау отандық өндірісті жылына 3200 лифтіге дейін арттыруға мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар