Мамандардың бір де бірі коронавирустан қорқып, жұмыстан бұғып қалған емес – Дария Әзімбаева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордаға ұшып келетін әрбір халықаралық рейсті күтіп алып, азаматтарды жіті тексеріп, коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде Дария Әзімбаева мен оның командасы жүр. Қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті санитарлық карантиндік бөлімінің басшысы ҚазАқпарат тілшісімен сұхбатта елімізде қауіпті вирустың таралуына жол бермеу үшін қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып берді.

«Қытайда коронавирус инфекциясы бойынша жағдай ушыққалы бері санитарлық карантиндік пункт мамандары күшейтілген режімде жұмыс атқарып жатыр. Өзім Нұр-Сұлтан қалалық санитарлық-карантиндік пунктің басшысы болғаннан кейін Қазақстандағы бүкіл әуежайлар менің қарамағыма енеді. Әуежайлардың бәрінде тексеріс күшейтілді. 26 қаңтардан бастап бортқа кіріп, кісілердің температурасын өлшеп, тексеріп келеміз. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің екінші қаулысына сәйкес, біз оларға анкеталау жүргіземіз. Осылайша санитарлық бақылау біткеннен кейін ғана жолаушылар ұшақтан түседі», - дейді Дария Әзімбаева.


Санитарлық карантиндік бақылау бөлімінің басшысы осыдан кейін ұшақтан түскен азаматтар паспорттық бақылауға өтетінін айтады. Ол жерде кеден қызметкерлері азаматтарды мемлекеттердің санаттары (Қазақстан коронавирус қаупі бойынша бекіткен) бойынша төлқұжатының штамптарын қарап, жолаушы Иран, Италиядан болса бірден оқшауланады.

«Бізде бір кезекшілік кезінде 5-6 адамнан шығады. Уханьнан немесе Бейжіңнен, Токиодан (лайнерде болған азаматтар келген кезде) келетін арнайы рейстер де болды. Мұндай кезде де мамандарымыздың өздері бортқа шығып, қарсы алдық. Әуежайлардың бәріне хат жіберіп, бортсеріктер әуе сапары кезінде де жолаушылардың жағдайын бақылап, анкета толтырту керектігін ескерттік. Егер жолаушының қызуы көтеріліп, дәрі-дәрмек сұраса біз бортқа қосымша қызметкерлерді жіберіп, тиісті алгоритмге сай әрекет етеміз», - дейді ол.


Қалалық көліктегі тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменті кеденшілермен де, шекарашылармен де жұмысты күшейткен. Бір өкініштісі, шетелден ұшып келген отандастарымыздың кейбірі анкетаны дұрыс толтырмай, кейде тіпті мүлде толтырмай кететін көрінеді.


«Біз ұшақты күтіп алған кезде бортсерік халықаралық медициналық-санитарлық ереже бойынша бізге манифест пен декларацияны береді. Онда келген адамдардың бәрінің аты-жөні жазылып тұрады. Кейбір кісілер қазір «тезірек әуежайдан шығып кету үшін өтірік атты жаза саламыз» деп жүр. Олай болмайды! Себебі біз бәрін манифестпен тексеріп отырмыз. Шекарашылар адамдардың ЖСН нөмірін, төлқұжат мәліметінің бәрін береді бізге. Желілік полицияға хабарлассақ, олар санаулы секунд ішінде ол кісінің мекенжайын тауып береді. Сол себепті бортпен ұшып келгендерді бөліп, коронавирус қаупіне байланысты бөлінген мемлекеттердің санаттарына кіргіземіз. Мәселен, Сеулден келгендер бірден карантинге барады. Сеулден келгендердің бәрінің мекенжайын, телефонын алып, аумақтық департаменттерге бақылау жүргізу үшін жібереміз. Кейбір отандасымыз транзитпен басқа елге ұшамын деп, алдап, әуежайдан шығып кеткісі келеді. Бірақ оған да тосқауыл қойылып жатыр», - деді ол.


Дария Әзімбаева департамент мамандары қазіргі таңда төрт ауысым бойынша жұмыста жүргенін жеткізді. Бүкіл халықаралық рейс таңға жуық келетіндіктен, мамандар түнімен сол рейстерді күтіп алады.

«Түнгі сағат 00.00-ден таңертеңгі 07.00-ге дейін рейстер 15-20 минут аралығымен келіп жатады. Алматы қаласына бір тәулікте 40-45 рейс, елордаға 25-30 рейс келеді. Өзім екі айдан бері, 25 қаңтардан бастап бір күн де демалған емеспін. Үйге келеміз – 4-5 сағаттық ұйқыдан кейін таңғы сағат жетіде көлік алып кетеді. Түнгі сағат 23.00-00.00 дегенде қайтамыз жұмыстан. Ұйымдастырушылық жұмыспен айналысатын біздің жұмыс кестеміз осындай болып кетті. Ал бір күн бір түн жұмыс істегеннен кейін мамандарымды арасында бір түн демалдырып алуға тырысамын. Ертеңінде күндіз қайта жұмысқа келген олар анкеталарды қайта ақтарып, қызу жұмысқа кірісіп кетеді», - деді Дария Әзімбаева.

Қауіпті санаттағы мемлекеттен, мәселен Италиядан келген азаматтар Мәскеу арқылы ұшып жетуі мүмкін.

«Адамдар әртүрлі. Түсінген адамдар бәрін анық жазып береді. Ал кейбір адам жазбай кетеді. Оны шекарашылар бізге төлқұжаттарын қарап, бәрібір анықтап аламыз. Бір жақсысы, сол қызметтермен өте жақсы жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені коронавирус инфекциясын осы уақытқа дейін кіргізбеуіміздің себебі – мамандарымыздың, әртүрлі саладағы қызметкерлердің жіті назардағы жұмысы деп ойлаймын», - дейді бөлім басшысы.

Дария Әзімбаева өзіне қарасты мамандардың бәрі маскамен, қолғаппен жұмыс істейтінін айтып өтті.

«Мамандарымыздың бірі де осы уақытқа дейін коронавирусты өзіміз жұқтырып аламыз деп, жұмыстан бұғып қалған емес. Патриотизмдері шығар. Күні-түні жүгіріп, жұмыстарын адал атқарып жатыр. Былайғылардан бөлек, чартерлік рейстер де бар ғой. Оның бәрін назардан тыс қалдырмаймыз. Кеше уақыт тауып әлеуметтік желіні шолып отырсам, қолданушылардың бірі екіншісіне «Тайландта болғаныңды айтпа» деп ақыл айтып жатыр. Күлдім де қойдым. Өтірік есіміңді жазғаныңмен қолымызда манифест бар ғой. Өтірік атын жазса да біз оны тауып аламыз. Тағы бірі «тепловизоры істемейді де» деп жазыпты. Кеше Варшавадан тепловизормен бақылап, келгендерді бір емес, бес адам қарсы алдық. Видеокамераның бәрі бұл сөзімізді растай алады. Біздің мамандар барлық рейсті бақылауға алған», - дейді ол.

Шетелден ұшып келген адамдардың ішінде күніне шамамен 20 шақты адам ауруханаға жеткізіледі екен. Дария Әзімбаева кейбір қулығы бар адамдардың да бар екенін де айтып қалды.


«Кейбір адамдар Италиядан Мәскеуге ұшып келеді де, одан бері келген кезде жеке куәлігін көрсете салады. Ол адам анкетасында Италияда болдым деп жазбай қоюы мүмкін. Кеше Сеулден келген рейсті күтіп алдым. Жандарбек Мұхтарұлы да бізбен бірге рейстерді күтіп алып, біздің мамандармен бірге жүр. Бір сөзбен көпшілік біздің жұмысымызға түсіністікпен қараса дейміз. Себебі бізге ең алдымен халықтың амандығы керек», - дейді ол.



Соңғы жаңалықтар