МӘМС: Алматыда 435 мыңға жуық адам сақтандырылмаған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша 435 мыңға жуық қала тұрғыны сақтандырылмаған. Бұл туралы Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарапшылардың мәліметінше, сақтандырылмаған қала тұрғындарының ішінде: 21% – жалдамалы жұмыскерлер, 21,4% – азаматтық-құқықтық келісімшарт арқылы еңбек ететіндер, 4,2% – жеке кәсіпкерлер, 25,4% – бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер, 2,8% – өз бетінше төлеушілер, 32,3% – жүйе енгізілгелі бері бірде-бір рет төлем жасамағандар құрайды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, бүгінде 1,6 млн алматылық сақтандыру жүйесімен қамтылған. «Олар қажет болған жағдайда кез-келген уақытта медициналық сақтандыру пакетіндегі қызметтерді ешбір шектеусіз пайдалана алады. Бірақ осы жүйеге енбей қалған, өздерін белгілі-белгісіз себептермен сақтандырмаған 435 мың адам сақтандыру пакетіндегі ауқымды қызметтерді пайдалану мүмкіндігінен қағылып отыр», - деді ол.

Филиал өкілдерінің айтуынша, «Жалдамалы жұмыскерлер» санатындғы азаматтар Egov.kz электронды үкімет порталына кіріп, статусын тексеріп отырғаны дұрыс. Порталдағы «МӘМС жүйесіне төленген төлемдер мен медициналық қызметтерді пайдалану туралы мәлімет беру» деп аталатын онлайн-қызмет арқылы жұмыс берушінің ай сайын аударып отырған аударымдары жайлы ақпар алуға болады.

«Азаматтық-құқықтық келісімшарт арқылы еңбек ететіндер».

Бұл санаттағы азаматтар МӘМС жүйесіндегі статусын өздері бақылап отыруы тиіс. Себебі салық агенті олардан қызмет көрсетілген айлар үшін ғана жарна ұстайды.

«Жеке кәсіпкерлер».

Көптеген жеке кәсіпкерлер егер ЖК нысаны табыс таппаса, МӘМС жарнасын аударудың қажеті жоқ деп есептейді. Бұл – қатер пікір.

Жеке кәсіпкер белгілі бір айларда табыс таппаған болса, міндетті зейнет жарнасы мен әлеуметтік төлемдерден босатылады. Бірақ, МӘМС жарнасы міндетті түрде төленуі тиіс (1,4 ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 5% - 2975 теңге).

Егер жеке кәсіпкерлік нысаны ешқандай табыс таппайтын болса ЖК жұмысын ресми түрде тоқтату қажет, сонда кәсіпкер жарна төлеу міндетінен босатылады.

«БЖТ төлеушілер»

Қазақстанда 2019 жылдан бастап Бірыңғай жиынтық төлем енгізілген болатын. Ол:


• Жеке табыс салығы;

• Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жасалатын әлеуметтік төлем;

• БЖЗҚ зейнетақы төлемдері;

• Міндетті медициналық сақтандыру төлемдерінен тұрады.

Бірыңғай жиынтық төлем Салық кодексі арқылы реттеледі. Кодекске сәйкес, БЖТ әр айдың басында төленуі тиіс және төлем сол айдың соңына дейін ғана жарамды.

Сондай-ақ, Алматы қаласында сақтандырылмағандар арасында «бірде-бір рет сақтандыру жарнасын төлемеген» азаматтар бар. Сақтандыру пакетіндегі қызметтерді, соның ішінде бағасы қымбат диагностикалық қызмет түрлерін пайдалану үшін олар қазірден бастап өзін-өзі сақтандыра бастағаны жөн.

Мұндай тұрғындар жүйеге екі түрлі жолмен қосыла алады:

1. Егер пациент шұғыл түрде МӘМС пакетіндегі қызметті қажет ететін болса,«өз бетінше төлеуші» ретінде өткен 12 айдың әр айына 2125 теңгеден төлейді.

2. Асығыс болмаса 2917 теңге көлемінде «Бірыңғай жиынтық төлем» төлесе болады. Жиынтық төлемді өткен айларға төлеуге болмайды, сондықтан ағымдағы айдан бастап 3 айға төлесе, үшінші айда «сақтандырылған» статусына ие болады.


Соңғы жаңалықтар