МӘМС: Нұр-Сұлтанда қандай медициналық қызмет түрлері сұранысқа ие

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – МӘМС жүйесі аясында астаналықтар көбінесе қандай медициналық қызметке жүгінетіні анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«МӘМС (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесі енгізілгелі елорда тұрғындары арасында КТ, МРТ, жоғары технологиялық медициналық қызметтер, консультациялық-диагностикалық, гормондар, дәрумендер көрсеткіштерін анықтайтын зертханалық тексерулер және оңалту қызметтері жоғары сұранысқа ие. Сондай-ақ, бұрын варикоз, ультрадыбыстық аблация, инъекциялық склеротерапия және жүрек-қан тамыры ауруларын анықтайтын коронараграфиялық зерттеулер ақылы болатын. Бүгінде пациенттер МӘМС жүйесі арқылы аталған медициналық қызметтерді тегін ала алады», - деді Медициналық сақтандыру қоры Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Одан бөлек, филиал басшысы елордада медициналық қызметтердің қолжетімділігі туралы айтты.

«Қордың басты міндеттерінің бірі азаматтарды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету. Осы орайда медицина ұйымдары көрсететін қызметтердің орындалу сапасына сараптама жасалады. Ол туралы медицина мекемесімен жасалған келісімшартта көрсетілген. Егер мекеменің медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейі төмен немесе кадр жетіспеушілігі анықталса, онда Денсаулық сақтау басқармаларына ақпарат жолданады. Соның негізінде, жетіспейтін құрал-жабдықтар сатып алынып, қажетті мамандар тартылады. Сондықтан да азаматтар үшін қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету мәселесі әрдайым басты назарда», - дейді ол.

Бұған дейін елордада МӘМС аясында 100-ден астам медициналық мекеме қызмет көрсететіні туралы хабаралаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар