Маңғыстау облысының әкімдігі бәсекелестік ережелерін бұзды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы бойынша монополияға қарсы департаментіне «AllianceEnergoSnab-Ақтау» ЖШС энергиямен жабдықтаушы ұйымынан облыс әкімдігінің әрекетіне қатысты шағым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Белгілі болғандай, осы жылдың тамыз айында облыс әкімдігі Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданын энергиямен жабдықтау мәселелері бойынша кеңес өткізген.

Онда Ақтау қаласының тұтынушыларына қызмет көрсететін жаңа ЭЖҰ (энергиямен жабдықтаушы ұйым) анықталды – «Маңғыстау Жарық» ЖШС.

Облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен өткен осы кеңесте Ақтау қаласы және Мұнайлы ауданының әкімдеріктеріне тұрғындар арасында «AllianceEnergoSnab-Ақтау» ЖШС энергиямен жабдықтаушы ұйымының қызметін тоқтататыны туралы түсіндіру жұмысын жүргізу тапсырылды.

Соның негізінде абоненттер арасында «AllianceEnergoSnab-Ақтау» ЖШС-мен шартты бұзу және «Маңғыстау Жарық» ЖШС-мен шарт жасасу қажеттілігі туралы ақпарат таратылды.

Алайда, «AllianceEnergoSnab-Ақтау» ЖШС энергиямен жабдықтау бойынша өз қызметін тоқтатқан жоқ және монополияға қарсы органға тиісті өтінішпен жүгінді.

Монополияға қарсы орган осы өтінішті қарап, экономикалық бәсеке ережелері бұзылды деген қорытындыға келді.

Атап айтқанда, бүгінгі таңда Қазақстанда электрмен жабдықтау нарық және энергия ресурстарын жеткізушілер арасындағы бәсекелестік қатынастар жағдайында жұмыс істейді.

Электр энергиясының бөлшек сауда нарығының жұмыс істеу тәртібі Энергетика министрлігі бекіткен электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және жұмыс істеу қағидаларымен регламенттелген.

Осы қағидаларға сәйкес тұтынушылардың бір ЭЖҰ-дан екіншісіне ауысуы қарастырылған.

ЭЖҰ-ны ауыстыруды осы нарықтан кету туралы жариялаған және бұл туралы өз тұтынушыларын хабардар еткен ұйымның өзінің бастамасы бойынша жүргізуге болады не тұтынушы өз шешімі бойынша ауыстыра алады.

Алайда, бұл жағдайда ЭЖҰ-ны өзгертуге белгіленген ережелер бойынша еш негіз жоқ.

Осылайша, әкімдік өз іс-әрекеттерімен өңірдің энергиямен жабдықтаушы компаниялары арасындағы бәсекеге нұқсан келтірді.

Кәсіпкерлік кодексінің 194-бабы негізінде Маңғыстау облысы әкімдігінің атына іс-әрекеттерінде заң бұзушылық белгілерінің бар екендігі туралы хабарлама енгізілді.

Шығарылған хабарламаға сәйкес әкімдік бір ай мерзімде БАҚ-та «AllianceEnergoSnab-Ақтау» ЖШС-не қатысты бұрын шығарылған шешімдерді жоққа шығаруы және алдағы уақытта нарық субъектілері арасындағы бәсекелестік қағидаларын бұзатын осындай және өзге де әрекеттерді жасамауы тиіс.


Соңғы жаңалықтар