Маңғыстауда 100-ге жуық адам карантинде жатыр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында 100-ге жуық адам ауруханаларда карантинде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Сағымбаев мәлімдеді.

Қазір аймақта індеттің алдын алу мақсатында кешенді шаралар жасалып жатыр. 70 төсек инфекциялық ауруларды қабылдауға, 280 төсек провизорлық тексеру жасау үшін, 600-ге жуық төсек карантинге жатқызуға дайын. 400-дей тұрғын тексеріліп, карантиннен шықты.

«Кеше түнде 70 жуық ҚР азаматы Ыстамбұлдан Ақтауға ұшып келді. «Тәжен» шекаралық бақылау бекеті арқылы Өзбекстаннан 14 Маңғыстау облысының тұрғыны келді. Барлығы тексеріліп, арнайы көліктермен Ақтауға жеткізіліп, карантинге жатқызылды. Сараптама қорытындысы теріс нәтиже берген жағдайда үйлеріне карантинге жіберіледі»,-деді Әнуар Сағымбаев.

Өңірдің бас дәрігері аймаққа келген кез-келген тұрғын әуежайда, теміржол вокзалдарында, автожолдарға қойылған бекеттерде медициналық тексеруден өтіп, дене қызуы өлшенетінін айтып өтті.

«Әр аймақта адам ағзасынан Covid-19 инфекциясын анықтайтын вирусологиялық зертхана бар. Облыста сараптама жасайтын құралдар жеткілікті мөлшерде. Барлығы тегін жасалады»,-деді ол.


Соңғы жаңалықтар