Маңғыстауда 100 мың тонна балық өсірілмек

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында 2030 жылға қарай жылына 100 мың тонна балық өсіріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Ақтау қаласында өңірдің балық шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша кездесу өтті. Жиынға балық шаруашылығын дамыту жөніндегі уәкілетті органның, Маңғыстау облысы әкімдігі, «Атамекен» ҰКП, «BD - Балық шаруашылығы қауымдастығы» ЗТБ, балық шаруашылығы субъектілерінің және облыста балық өсіру жөніндегі жобаларды іске асыруға дайын инвесторлардың өкілдері қатысты.

Онда балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы таныстырылды, онда 2030 жылға қарай өсірілген балық көлемін жылына 270 мың тоннаға дейін, оның ішінде Маңғыстау облысында жылына 100 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Жалпы, өңірде жұмыс істеп тұрған шаруашылықтардың қуатын кеңейту, тұқы, бекіре, албырт балық түрлерін өсіру бойынша сумен қамтамасыз етудің тұйық циклі бар 20 тор, 1 тоған, бір шаруашылық құру жоспарланып отыр.

Кездесу барысында Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Н. Жүнісов балық шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде балық өсірумен айналысатын субъектілер үшін жасалған жағдайларды субсидиялау және заңнаманы жетілдіру шаралары туралы хабардар етті. Сондай-ақ, іс-шара барысында балық шаруашылығы субъектілері мен инвесторлар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасып, өңірдегі балық шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев тұйықталған сумен қамтамасыз ету қондырғысын пайдаланатын, «Kazakh osseter» ЖШС балық өсіру шаруашылығының жұмысымен, сондай-ақ бекіре және ақсерке түрін өсіру жобасымен танысты. Атап айтқанда, 2030 жылға қарай өнімділігі жылына 30 мың тонна, шамамен 27 млрд теңге инвестиция құйылатын «Інжу-Маржан шығанағында ақсерке өсіру жөніндегі «Шарбақты балық өсіру шаруашылығын құру» жобасымен танысты. Оның бастамашысы - «Технологиялық холдинг институты» ЖШС.

Сондай-ақ, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймақ аумағында өнімділігі жылына 400 тонна тауарлы балық және 50 тонна уылдырық беретін бекіре тұқымдас балық өсіретін зауыт салу« жобасымен танысты. Бұл жобаның бастамашысы - «Beluga Queen« ЖШС.

Соңғы жаңалықтар