Маңғыстауда 200 елдің астанасын жатқа айтатын 6 жасар бала тұрады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстаулық Жігер Берікбайұлы 200 елдің астанасын жатқа айтады. 6 жасар бүлдіршін 1 айдың ішінде меңгеріп алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жігер Берікбайұлы отбасымен Маңғыстаудың Мұнайлы ауданында тұрады. №9 мектептің 1-сыныпта оқиды.

Әжесінің айтуынша, Жігер тек елдердің астанасы ғана емес, қай жерде орналасқанын да мүдірмей айта алады.

«Оған қоса, мұхиттар, материктер, Еуропа, Азия Америка, Африка құрлықтары туралы біледі. Қызығушылығы карантин басталғанда болды. Демалыс кезінде көрші үйдің 5-сыныпта оқитын қызынан атлас картасын сұрап алып, оқытайын дедік. Солай өзі әрі қарай ғаламтордан мемлекеттер туралы ізденіп, оқып кетті»,-дейді Зиба Тәңірбергенова.


Әжесі Жігердің 4 жасынан бастап оқуға ынтасы бар, зерек екенін байқап, түрлі кітаптар сатып алып берген. Осылайша, дарынды балақай үйде өз бетінше сауат ашады. Математикаға да қызығып, есептер шығарады. Бір қызығы, балабақшаға да, алғашқы дайындық сыныбына да бармаған. 1-сыныпқа өз бетінше меңгерген білімімен бірден қабылданған.

Бос уақытында Жігер гаджет, телефон ұстамайды. Доп ойнап, асық атады.

Телефонды қолына ұстай қалса, ғаламтордан дүние жүзінің картасын, әр мемлекеттің президенттері туралы ақпараттарды, қандай ел, ол мемлекеттің географиялық және саяси жағдайы туралы мәліметтерді оқиды.


«Сонымен қатар, атласты қарап отырып, жануарлар туралы да ақпар іздейді. Жоғалып бара жатқаны, оған не себеп, немен қоректенеді, бір сөзбен айтқанда барлығын білуге ұмтылады»,-дейді Зиба әжей.

6 жасар Жігер саяхатшы болуды армандайды.

«Болашақта ел, жер аралап, ата-анамды бірге апаруды армандаймын. Маған әсіресе, табиғаты сұлу, таулары биік, жап-жасыл Швейцария ұнайды. Қазір тіл үйреніп жүрмін»,-дейді Жігер.

Қазір зерек балақай орыс, ағылшын тілін меңгеруде. Араб тіліндегі сүрелерді, Алланың 99 есімін жаттап алған. Мұхаммед пайғамбардың өмір жолы туралы оқығанды жақсы көреді.

Бір ерекшелігі, телефоннан ойын ойнап, мультфильм көруге қызығушылығы жоқ.

Жігердің ата-анасы болашақта ұлынан үлкен үміт күтеді.



Соңғы жаңалықтар