Маңғыстаудағы ауылда балалар киімін тігетін цех ашылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Тұңғыш Президент күні қарсаңында Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылында бөбектер киімін тігетін цех ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Rakhim baby» тігін цехы 17 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның барлығы да ақшұқырлық жұмыссыз жандар. Оларды арнайы курстар мен оқудан өткізіп, шеберлігін шыңдаған Майра бүгінде тапсырысты Нұр-Cұлтан мен Алматы қалаларынан алып отырғанын айтады.

Майра Бақытжан үлкен цех ашуды көптен бері жоспарлап жүріпті. Осыдан бірнеше жыл бұрын 2 тігіншіні жұмысқа алып, шағын ғана бөлмеде тапсырыс қабылдап келген. Қолынан шыққан дүниесі халыққа ұнап, міне, жеке тігін цехін да ашты. Қазір шеберханада 30-ға жуық қажетті техника бар. Оның 25-і тігін машинасы.

«Барлығына біздің тіккен өнімдеріміз ұнап жатыр. Қазір дайын киімдерді басқа облыстарға жіберуді жоспарлап отырмыз. Бізге қазірдің өзінде Атыраудан, Ақтөбеден, Алматыдан және елордадан тапсырыстар түсуде,-дейді цех иесі Майра Бақытжан.

Шеберханада жаңа туған нәреседен бастап 1 жасқа дейінгі балаларға арналған жаялықтар, жейделер, шұлықтар, бесік жасауы мен басқа да сәбиге қажетті бұйымдар тігіледі.

Кәсіпкер өнімге қажетті мақта-матаны Түркия елінен алдыртады екен. Цехтағы мамандар да өз істерін жетік меңгерген. Солардың бірі - Бөпежан Әлтекова.

«Өзімнің сүйікті мамандығым бойынша қызмет етудемін. Осы жерде цех ашылып жатыр деген соң келгенбіз. Мен бұрын ұлттық киім тігетін цехтарда жұмыс жасағанмын. Ақшұқыр аулының көпшілігі жастар»,-дейді Бөпежан Әлтекова.

Айта кетсек, жұмысын енді бастаған тігін цехында 15 тігінші бар. Олардың тең жартысы мемлекеттік бағдарлама аясында білім алғандар.

Соңғы жаңалықтар