Маңғыстаудағы мұнай өндіретін компанияларда жұмысшылар қысқартылмайды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаевпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық компанияның еншілес кәсіпорындары басшыларының қатысуымен өткен жиында коронавирусқа қарсы іс-шаралар мен аймақтағы кәсіпорындардағы жұмыс орындарының сақталу мәселесі сөз болды.

Алик Айдарбаевтың айтуынша, әлемде мұнай бағасы құлдырады. Мұнай өндіруші компаниялардың барлығы оның зардабын тартып жатыр. Соған қарамастан «ҚазМұнайгаз» ҰК» акционерлік қоғамының өкілдері дағдарыспен күрес мақсатында арнайы бағдарлама әзірледі. Аталмыш құжат компанияның осындай дағдарыс кезіндегі шығындарын азайтып, одан кейін де дамуға жол салады. «Қазмұнайгаз» компаниясының басты мақсаты қазір қызметкерлер санын қысқартпау. Жағдай күрделі, соған қарамастан компания ұжымды жұмыссыз қалдырмауға тырысып отыр.

Алик Айдарбаевтың айтуынша, қазіргідей қиын шақта жұмысты қайта ұйымдастыру маңызды. Шығындарды да қысқартпаса блмайды.

«Сол себепті біз осы бағыттағы жұмыстарды бастап кеттік. Яғни компания қысқартқан шығын көлемі 146 млрд теңгені құрады. Соның ішінде күрделі шығындарды 103 млрд теңгеге, операциялық шығындарды - 26 млрд теңгеге, әкімшілік шығындарды - 17 млрд теңгеге азайттық, әлі де қысқартамыз. «ҚазМұнайГаздың» орталық аппаратында көптеген өзгерістер жасадық. Ұйымдастыру құрылымын 34 пайызға қысқарттық. Өздеріңіз білесіздер, бұрын бізде 22 басқарушы (управляющий) директор болатын. Қазір олардың біреуі де жоқ. 60 департамент болатын, оларды да қысқартып, 20-сын ғана қалдырдық. Компания басшыларының жалақысы 30 пайызға қысқарды. Орта деңгейдегі басшылардың жалақысы 20 пайызға азайды. Ал қалған қызметкерлердің жалақысы өзгеріссіз қалды. Одан бөлек, біз сыйақымыздан бас тарттық. Жыл соңына дейін ешқандай сыйақы, бонус деген болмайды»,-деді Басқарма төрағасы.

Бұл ретте ол осындай шаралардың нәтижесінде басшылардың табысы 50 пайызға қысқарғандығын айтты.

«Біз 50 млрд теңге үнемдедік. Бірақ өндірістік персоналдық қысқартпаймыз», - деп атап өтті Алик Айдарбаев.

Сондай-ақ оның сзінше, әлемдегі эпидемиологиялық жағдай күрделене бастағанда-ақ компания дағдарыспен байланысты жағдайды басқару бойынша команда жасақтап, қалыптасқан жағдайға тұрақты мониторингі жүргізіп отыру үшін жедел штаб құрды. Барлық кәсіпорындарда күшейтілген санитарлық режим қолға алынды, қызметкерлер қашықтан жұмыс істеп жатыр, вахта мерзімін ұзарту мен басқа да іс-шараларды қамтитын қатаң профилактикалық іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр.

Сондай ақ, жиында мұнай компаниясының басшылары вахташылардың бұрынғы 15/15 жұмыс кестесіне қайта оралғысы келетінін алға тартты. Өңір басшысы вахта кестесінің бұрынғы қалпына келтіру ұсынысын қарастыратын айтты.


Соңғы жаңалықтар