Маңғыстаудың бас санитар дәрігері: Тұрғындар арасында қарым-қатынас азаймай, ауру тоқтамайды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау коронавирустың таралуы бойынша «сары аймаққа» кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифинг барысында Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті.

«Бүгіннен бастап біздің Маңғыстау облысы індет таралуының «сары аймағына» кірді. Біз өткенде Наурыз мерекелері басталған кезде айтқан болатынбыз, сақтық шаралары сақталмаса, індеттің таралуы күшейе түсуі мүмкін деп. Енді міне арада екі апта өткенде осы болжам расталып отыр. Тұрғындар ескертулерге қарамастан Амал мерекесі, Наурыз мерекесінде бір-бірімен тығыз араласты», - деді ол.

Бас санитар дәрігердің айтуынша, бүгінде облыста індеттің өршуі байқалып отыр. 28-29 наурыздан бастап Маңғыстау өңірінде сырқаттың өсім саны анықталуда.

«Кеше-бүгіндері бұл сандар - 43 болып тіркелуде.Күннен-күнге облысымызда ауырғандар саны өсіп, бүгінгі таңда сары аймаққа еніп отырмыз. Осыған орай, әр аймаққа енуге байланысты ҚР Бас Мемлекеттік санитариялық дәрігердің қолы қойылған №67 Қаулының қосымшасында шектеулердің тәртібі бар. Осы шектеулер тәртібіне сай, біз кезең-кезеңмен кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысына шектеу қоямыз»,- деді Ғ. Надуев.

Ғазиз Надуевтің мәліметінше облыс «сары аймаққа» енгенімен әзірге қатаң шектеу шаралары енгізілмейді. Эпидемиологтар бір апта өңірдегі эпидемиологиялық жағдай бақылайды. Егер сырқаттанғандардың саны азаймай, өсу қарқыны байқалатын болса, қатаң шектеулерді енгізуге тура келетінін жасырмады.

«Бүгінде облыстық жедел штабтың отырысында күн сайын аймақтағы эпидемиологиялық жағдай сараланып, штаб мүшелерінің пікірімен жағдайды реттеу жөніндегі шаралар қабылданып отыр. Халықтың арасында қарым-қатынас азаймай – бұл ауру тоқтамайды. Ауа арқылы тарайтын вирус болғандықтан, халық көп шоғырланған жерлерде ауру жұқтыру қаупі жоғары екені анық. Тұрғындар арасындағы қарым-қатынасты азайтпасақ, бұл ауруды жеңе алмаймыз»,-деп атап өтті Ғазиз Надуев.


Соңғы жаңалықтар