Маңғыстауға Түркістан мен Ақтөбе облыстарынан шөп жеткізіліп жатыр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауға Түркістан мен Ақтөбе облыстарынан мал азығы жеткізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстау облысындағы қуаңшылыққа байланысты мал бағып отырған шаруаларға қолұшын беруге бүкіл ел жұмыла кірісті.

Түркістан облысының тұрғындары мен еріктілері облыс әкімдігінің қолдауымен осы күнге дейін 33 вагон шөп жөнелткен. Оның жетеуін Құрмет Талапқазы бастаған еріктілер жіберген. Қалған шөп тиелген вагондарды тасымалдауға «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қолдау көрсетті.

Келісімдерге сәйкес мал азығын жеткізу жұмыстары тегін жүргізіледі. Түркістан облысы әкімдігі және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қажет болған жағдайда дайындалған жем-шөпті тасымалдау үшін 100 вагон ұсынуға дайын екендіктерін білдірді.

Түркістаннан шыққан 8 вагон мал азығы ертең Жаңаөзен қаласы мен аудандарға жеткізіледі.

Ақтөбе облысының шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлері де жүк көліктерімен шөп алып келе жатыр.

Алдағы аптада Үкіметтен бөлінетін 1,9 млрд теңге маңғыстаулық шаруаларға үлестіріле бастайды. Сонымен қатар Маңғыстау облысы әкімінің бастамасымен өңірде шөп шабушыларға белгілі мөлшерде жанар-жағармаймен көмек беріледі.

Соңғы жаңалықтар