Марат Шибұтов: Ауыл әкіміне үміткерлерге қойылатын талаптарды жеңілдетуді ұсынамын

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Сарапшы Марат Шибұтов ҚазАқпарат тілшісіне ауыл, кент, аудандық маңыздағы қала мен ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау арқылы таңдауға мүмкіндік беретін заң жобасы туралы айтты.

Марат Шибұтов Мәжіліс қарауында жатқан заң жобасы негізінен дұрыс екенін айтады. Дегенмен, әкім болудан үміткерлерге қойылып отырған талапты сәл жеңілдету қажет деп есептейді.

«Мен былай айтар едім. Қазір ұсынылып отырған процедура негізінен дұрыс. Әсіресе, қазіргі сайлаулардың арнасында және тағы басқа факторларға байланысты бұл дұрыс деп ойлаймын. Менің көзіме шалынып тұрған жалғыз түйткіл әкімдіктен үміткерлерге қойылып отырған талаптарға қатысты. Қазір ұсынылып отырған нұсқа бойынша үміткерлерге еңбек өтілі мен жоғары білімнің болуын міндеттеп отыр. Кейбір ауылдарда, әсіресе, шалғайдағы шағындау ауылдарда қазіргі әкімнен басқа жоғары білімді үміткер шыға қоймауы мүмкін. Ауылда қалған жоғары білімді адамдар мұғалімдер мен мектеп директорлары ғана деуге болатын шығар. Ал оларға әкім болу аса қажет емес. Онсыз да өзіне жететін жұмысы бар. Мен білімге қатысты талапты орта-арнайы білім деп жеңілдетуді ұсынар едім», - дейді сарапшы.

Ол, сондай-ақ, еңбек өтілін қазіргі талап бойынша қалдырса, тек тіс қаққан мемлекеттік қызметшілер ғана үміткер ретінде тіркеле алатындығын айтты.

«Еңбек өтіліне қойылатын талапты да қысқартуды ұсынар едім. Ал қазіргі талап бойынша тек мемлекеттік қызметшілер ғана үміткер болатын түрі бар. Еңбек өтіліндегі қазіргі талап бәсекені айтарлықтай төмендетеді деп ойлаймын. Жалғыз назарым ауғаны – осы тұс. Қалған нормалардың бәрі дұрыс деп ойлаймын», - дейді саясаттанушы.

Марат Шибұтовтан жалпы ауыл мен кент әкмідерін сайлау ондағы тіршілікке қалай әсер етуі мүмкін екенін де сұрап көрдік.

«Бірінші сайлаудан бастап ауылдар мен кенттердегі ахуал өзгеріп сала береді деуден аулақпын. Бірінші лекте қазір қызметте жүрген әкімдердің 90 пайызы орнын сақтап қалуы мүмкін. Сонда да бұл - жаңа мүмкіндік. Одан кейінгі лекте жаңару болады. Үміткерлердің саны артып, ауылдар сайлауға белсенді араласа бастайды деп топшылап отырмын», - деген сарапшы сайлау мен жершілдік, рушылдық мәселесі туралы ойын ортаға салды.

«Сайлау ауылдағы ағайынды руға, жүзге бөліп жіберуі мүмкін дегенді айтып жүрміз. Олай болуы да мүмкін. Бірақ шегірткеден қорқып, егін екпей отыра беруге болмайды ғой. Алға жылжиғымыз келген екен, бұдан да өтуіміз керек. Адамдар «өзіміздікілер» үшін емес, жақсы өмір үшін дауыс беріп үйренуі керек. Жарайды, бір рет қанға тартып, қателесер. Бірақ халық көз алдындағыны көрмейтін надан деу дұрыс емес. Бірінші рет қателесер. Екінші рет «өзміздікі» деп дауыс берудің қаншалықты дұрыс емес екенін көреді. Сондықтан, бұл мәселені рушылдыққа әкеп тірей берудің қажеті жоқ. Соншалық проблема болады деп ойламаймын», - деп түйіндеді Марат Шибұтов.

Анықтама: Марат Шибұтов, ҚР Президенті жанындағы «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ-ның жетекші сарапшысы, Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы.


Соңғы жаңалықтар