Мас жүргізуші 10 жылға көлік басқару құқынан айырылуы мүмкін

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында масаң күйде рөлге отырып, жол апатына себепкер болған Нұр-Сұлтан қаласының 27 жастағы тұрғыны 10 жылға көлік басқару құқынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, қаңтардың 11-нен бастап елімізде мас күйінде көлік басқарған жүргізушілерге жаза қатайтылып отыр. Нақтырақ айтсақ, қылмыстық кодекске мас күйінде жол көлік оқиғасын жасағандарға жауапкершілік күшейту мақсатында жаңа бап (ҚР ҚК 345-1) енгізілді.

Ведомствоның мәліметінше, жол апаты қаңтардың 16-да Есіл ауданының аумағында «Жақсы-Есіл-Бұзылық» тасжолының бойында, яғни Ақсай ауылы маңында болған.

Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары Нұр-Сұлтан қаласының 27 жастағы тұрғыны басқарған «ВАЗ-21213» көлігі «Жақсы-Есіл-Бұзылық» тасжолының 78 шақырымында жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, Қаракөл ауылының тұрғыны тізгіндеген «ВАЗ-21053» көлігіне соғылғандығын анықтады. Осының салдарынан екінші көлікте отырған 28 жастағы қыз бен 17 жастағы жасөспірім түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті.

«Медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша «ВАЗ-21213» жүргізушісі рөлге мас күйде отырғаны анықталды. Осыған байланысты ҚР ҚК 345-1 бабының 1-ші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды»,-деді ведомстводан.

Аталған санкция бойынша мас күйде рөлге отырып, адам денсаулығына орташа ауыр зала келтірілген жол апатына себепкер жүргізушіге 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе түзеу мақсатындағы жұмысқа жегіледі, сондай-ақ 400 сағаттық қоғамдық жұмысқа артылып, 1 жылға бас бостандығынан айыру немесе 10 жылға дейін көлік басқару құқынан айыру жазасы қарастырылған.


Соңғы жаңалықтар