Масаншыдағы дүнген ұлтының өкілдері қазақ тілін үйренуде

None
None
ҚОРДАЙ АУДАНЫ. ҚазАқпарат – Былтыр Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масаншы, Сортөбе ауылдарында болған қақтығыс кезінде бірқатар үй мен кәсіпкерлік нысаны зардап шеккен еді. Кейіннен мемлекет тарапынан оларға қолдау көрсетіліп, аталған нысандар аз уақыттың ішінде қайта қалпына келтірілді. ҚазАқпарат тілшісі бір жылдан астам уақыттан кейін осы елді мекендерді аралап, ауыл тұрғындарының қазір қалай өмір сүріп жатқанын біліп қайтты.

Масаншы ауылы аудан орталығы - Қордай кентінен 60 шақырым жерде орналасқан. 2020 жылы ауыл танымастай өзгерді. Табиғи газ, ауыз су, интернет тартылды, жолдарға асфальт төселіп, саябақ пайда болды.

«Біздің ауыл қатты өзгерді. Үкімет резервінен 575,8 млн теңге, ал жол картасы бойынша 1,8 млрд теңге бөлінді. Мемлекетке алғыс айтамыз. Ауылдағы 41 көшеге асфальт төселді. Барлық қираған үйлер мен коммерциялық нысандар қалпына келтірілді. Сондай-ақ, биыл 800 көшет отырғызылды «, - дейді Масаншы ауылдық округінің әкімі Рамазан Малиев.

Масаншы ауылдық округінде 19 мыңдай халық бар. Тұрғындар негізінен жерді өңдеп күн көреді.

«Былтыр Сортөбе, Ауқатты, Масаншы тұрғындары 5 623 гектар алқапта көкөніс өсірді. Жалпы Масаншыда 40-қа жуық, ал Сортөбеде 50-60 шаруа қожалық бар. Ауданда 135 мың гектар егіс алқабымыз болса, оның 134 мыңын биыл игеруді жоспарлап отырмыз. Мемлекет минералды тыңайтқыштар мен дизель отынына, сондай-ақ құрал-жабдықтарға субсидия береді «, - дейді Қордай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әділет Қаспақбаев.

Ауыл тұрғындары, 2020 жылдың ақпан айында болған оқиғаны еске түсіргісі келмейді. Қазір ауылда бәрі жақсы,тыныш екенін атап өтті. Бүлінген дүниелерін қайта қалпына келтіруге көмек көрсеткен мемлекет басшысына ризашылықтарын білдірді.

Қақтығыс кезінде ауыл тұрғыны Абдурашид Мадиевтің баспанасы мен ауыр жүк көлігіне өрт тиген. Аталған тұрғынның үйі бүгінде қалпына келтірілген.

«Менің үйім, жүк және жеңіл машинам толығымен өртеніп кетті. Мен отбасыммен уақытша бауырларымның үйін паналадым. Менің балаларым мен немерелерім бар. Біздің үйді қалпына келтіруге шамамен 4 млн теңге, сондай-ақ құрылыс материалдарымен көмектескен мемлекетке ризамын. Өткен жылдың күзінде біз жөндеу жұмыстарын аяқтап, үйімізге оралдық «, - деді ол.

Масаншы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бедер Двумаровтың айтуынша, қазір халық қазақ тілін үйреніп жатыр. Оның ішінде мешіт имамдары да бар. Ақсақалдар бірнеше рет бас қосты, қазір достық қатынасы жақсы жолға қойылған.

«Бізде бұрын интернет болмаған. Биыл тартып берді. Ең бастысы – ауылға табиғи газ келді. Мен біздің Президентімізге және Елбасыға, сондай-ақ Жамбыл облысы мен аудан әкіміне үлкен алғыс айтамын. Біздің ауылда осындай өзгерістер болып жатқанына халық өте қуанышты.

Бізде ауылдық округте төрт мектеп бар, оның біреуі мемлекеттік тілде 2009 жылы ашылды. Бұл Қазақстандағы дүнгендер арасындағы алғашқы қазақ мектебі. Біз мемлекеттік тілді үйреніп жатырмыз. Біздің жастарымыз біраз уақыттан кейін қазақ тілін жетік біледі деп ойлаймын», - дейді ауыл ақсақалы.

Ауылдағы №13 орта мектептің директоры Қамбар Иманқұловтың айтуынша, аталған білім ошағында 936 бала оқиды. Бұл балалардың ішінде тек 34 баланың ғана ұлты қазақ.

Алайда сабақ барлық білім алушыға қазақ тілінде жүргізіледі екен. Бізбен кездесуде аталған орта мектептің 9-сынып оқушысы, дүнген ұлтының өкілі Зейнеп Хиба қазақ тілін жақсы көретінін, құрметтейтінін, сол үшін мемлекеттік тілді үйренгенін айтып, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың бір өлеңін оқып берді.

Масаншы ауылының байырғы тұрғыны Ерғазы Бошаев БАҚ өкілдеріне бүгінде ауыл тұрғындарының бейбіт әрі тату-тәтті өмір сүріп отырғанын жеткізді. Ауылдағы жаймашуақ тіршілік жалғасуда.



Соңғы жаңалықтар