Мәскеуде Қайдар Құмарбекұлына арналған кітап жарық көрді

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Мәскеуде «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымының негізін қалаушылардың бірі Қайдар Құмарбекұлына арналған кітап жарық көрді. Бұл туралы ҚазАқпарат Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қолдауымен таралымға шыққан аталмыш кітап Мәскеу өңірлік «Қазақ тілі» қоғамы, Мәскеу қалалық қазақ ұлттық-мәдени автономиясы және Мәскеу өңірлік «Мұрагер» қоғамы секілді қоғамдық құрылымдардың тікелей қаржылық қолдауымен жарыққа шығып отыр.

Қазақстанның құрметті журналисі, филология ғылымдарының докторы, дипломат Серікқали Байменше бұл кітапты жинақтаушы болды.

Жастық шағы мен азаматтық ең белсенді жылдарын Ресейде өткізген Қайдар Құмарбекұлы Қазақстан мен РФ арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, Ресейдегі қазақ диаспорасының басын қосуға, халықтардың дәстүрлі достық байланыстарын дамытуға елеулі үлес қосқан.

Бұл кітапқа кезінде Нұртай Әбіқаев пен Зауытбек Тұрысбеков және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сабит Досанов сынды ел ағалары пікір білдірген.

«Елінің жетістігі мен жақсылығына қуана білетін, қолынан келгенше қазақ ұлтының қадір-қасиетін, өнері мен мәдениетін өз ортасында кеңінен насихаттап жүрген зерттеуші-ғалымдардың бірі - Қайдар Құмарбеков болып еді. Ол Мәскеуде «Мұрагер», «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымдарының негізін салушылардың бірі болып, ұлттық мәдениетті, әдет-ғұрыпты жас ұрпақ зердесіне жеткізу жолында сөзімен де, ісімен де үлесін қосқан ақсақал болатын... Мәскеу қазақтарының, басқа да ұлт өкілдерінің Қайдар ағаны өзгеше жақсы көретініне көзім жетті. Соның бір дәлелі –осы кітаптың жарық көруі», - дейді Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының орынбасары Арғын Оспанов.

Айта кетсек, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы 1992 жылы қыркүйекте өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында құрылған. Негізгі мақсаты - Қазақстаннан тысқары жерлерде тұрып жатқан ағайынмен, олардың ұлттық-мәдени орталықтарымен жан-жақты, тығыз байланыс орнату.


Соңғы жаңалықтар