Мәскеуде Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық әріптестігінің 30 жылдығына байланысты жиын өтті

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – 20 сәуірде Мәскеу қаласында Ресей ғылым академиясының Шығыстану институтында «Қазақстан және Ресей: стратегиялық әріптестік пен жан-жақты ынтымақтастықтың 30 жылы» тақырыбында халықаралық ғылыми – практикалық конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конференцияны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) және Ресей ғылым кадемиясының Шығыстану институты (РҒА ШИ) ұйымдастырды. Іс-шара Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің қолдауымен өтті.

Халықаралық конференция жұмысына қазақстандық және ресейлік тарихшы-ғалымдар, саясаттанушылар, халықаралық қатынастар мамандары, Қазақстан мен Ресей парламенттерінің депутаттары қатысты. Ғылыми форум жұмысына онлайн форматта қосылған РҒА ШИ, Е.Примаков атындағы РҒА ӘЭХҚИ, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен М.В.Ломоносов атындағы ММУ қазақстандық филиалының ғалымдары мен сарапшылары қатысты.

2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы атап өтіледі, бұл қорытындылар шығару мен өткен жолды ұғынудың маңызды кезеңі болып отыр. Жаңа заман тарихы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының қарышты дамуы мен жоғары нәтижелілігі өзара құрмет, тең құқылық және стратегиялық әріптестік қағидаттарына негізделгенін көрсетті. Бұл екі елдің көшбасшылары, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының бірінші Президенттері Н.Ә.Назарбаев пен Б.Н.Ельцин, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев пен Ресей Президенті В.В.Путиннің, мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің, сондай-ақ ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың зор еңбегі.

Өз сөздерінде екі елдің дипломаттары мен парламентарийлері, конференцияны ұйымдастырушы институттардың басшылары конференцияның жоғары мәртебесін және онда талқыланатын тақырыптардың маңыздылығын атап өтті. Олар ғылыми диалогты жандандырудың және Қазақстан мен Ресей ғалымдарының тарихи ретроспективасы, сондай-ақ дамудың жаңа тәуелсіз кезеңіндегі екіжақты қарым-қатынастардың қалыптасуы мен дамуы, ұлттық егемендікті, аумақтық тұтастықты және КСРО ыдырағаннан кейін белгіленген шекаралардың мызғымастығын құрметтеуге негізделген стратегиялық әріптестік пен тату көршілік қатынастарды үдемелі нығайту үшін берік негіз болған мәселелерді талқылау маңыздылығына ерекше назар аударды.

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Е.Б. Көшербаев өзінің алғы сөзінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев екі ел қарым-қатынастары маңызды сипатқа ие екенін бірнеше рет атап өткенін айтты. Өз кезегінде, Ресей Федерациясының Қазақстандағы Елшісі А.Н. Бородавкин өзінің құттықтау сөзінде Ресей Президенті В.В.Путин Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігінің табысты дамуына баса назар аударатынын атап өтті.

Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы М.Т. Ерман Қазақстан мен Ресейдің саяси диалогының маңызды элементі оның парламентаралық өлшемі болып саналатынын атап өтті.

«Біздің елдеріміздің заң шығарушы билік органдарының оң өзара іс-қимылы жүйелі негізде жүзеге асырылады, конструктивтілігімен ерекшеленеді және қарқынды сипатқа ие. Біздің байланыстарымыз екіжақты форматтан әлдеқайда асып түседі, екі мемлекет заң шығарушыларының ТМД Парламентаралық ассамблеясы, ҰҚШҰ ПА, Парламентаралық Одақ, Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің кеңесі, ЕҚЫҰ ПА сияқты беделді халықаралық институттар құрылымдарындағы коммуникациялардың мазмұнды тарихы бар», - деді М. Ерман.

Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының ТМД істері жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары В.П.Водолацкий өз сөзінде екі ел президенттері қол қойған келісімдер Мемлекеттік Думада да, Мәжілісте де басым тәртіппен ратификацияланып жатқанын айтты.

«Палаталар спикерлерінің өзара сапарлары, ынтымақтастық жөніндегі Палатааралық парламенттік комиссияның отырыстары, бейінді комитеттердің бірлескен іс-шаралары, Ресей мен Қазақстандағы сайлауды байқау жөніндегі миссиялардың қызметіне қатысу тұрақты негізде жүргізіледі», - деді ол.

Бұдан бөлек, РҒА Шығыстану институтының директоры, РҒА корреспондент-мүшесі А.К.Аликберов өткен 30 жыл ішінде Қазақстан да, Ресей де егемен мемлекеттердің, тәуелсіз, халықаралық қатынастардың толыққанды субъектілерінің қалыптасу жолынан өткенін жеткізді.

«Осы кезең ішінде біздің алдымызда геосаяси, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы сын-қатерлер бірнеше рет тұрды. Бірақ біздің стратегиялық әріптестігіміздің мызғымастығына және көпжақты ынтымақтастықтың өзара тиімділігіне күмәндануға ешқашан себеп болған емес. Бұл екі елдегі ғылыми, сараптамалық қауымдастықтың біздің тату көршілігімізді нығайтуға және әртүрлі сипаттағы өзара іс-қимылды тереңдетуге бағытталған дұрыс шешімдер қабылдауына ықпал еткен еңбегі», - деді А. Аликберов.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры, ҚР ҰҒА академигі З.К.Шаукенова Тәуелсіз Қазақстанның өмір сүрген барлық жылдарында оның Ресеймен қарым-қатынасы екі тараптың да тұрақтылығымен және ынтымақтастыққа дайын болуымен сипатталғанын атап өтті.

«Екі ел арасында ынтымақтастықтың берік құқықтық, экономикалық, саяси және мәдени негіздері бар. Шын мәнінде, Қазақстанның Ресейге қатысты сыртқы саясаты Ресей Федерациясы Қазақстан үшін өзара әрекеттесудің барлық салаларында ең маңызды серіктес болып саналатындығына негізделді», - деді ол.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысы екі сессия аясында өтті.


Соңғы жаңалықтар