Мәулен Әшімбаев: Сенат Президент бастамаларын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге дайын

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдағы уақытта сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізілетін болды. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

«Бүгін VII шақырылымдағы Парламенттің 1-сессиясы өз жұмысын бастады. Сессияның ашылуында Мемлекет басшысы жаңартылған депутаттық құрамның алдында тұрған маңызды міндеттерді белгілеп берді. Сондай-ақ, елімізде қолға алынған әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың әрі қарай жалғаса беретінін нақты атап өтті.

Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Президентіміз саяси реформалардың кезекті топтамасын жариялады. Соған сәйкес саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5 пайызға дейін төмендетіледі. Бұл көппартиялықты дамыту жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз. Одан бөлек, сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізілетін болды және әкімдерді сайлау аясын кеңейту үшін тиісті шаралар қабылданады» деп жазды Сенат Төрағасы.

Сондай-ақ ол «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатымен онлайн-петиция институты заң жүзінде ресімделетінін айтты. Мұндай шара азаматтық қоғамның белсенділігін арттыратыны анық.

«Сонымен қатар Мемлекет басшысы Омбудсмен туралы арнаулы заң қабылдау қажеттігін айтты. Сот жүйесін реформалау жұмыстары да жалғаса береді. Мұның бәрі адам құқығын қорғау мәселесін жаңа деңгейге көтеретін нақты шаралар екені сөзсіз.

Қасым-Жомарт Кемелұлы әлеуметтік мәселелерге де айрықша назар аударды. Әлеуметтік қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттік саясат кешенді түрде жаңғыртылады. Көмекке мұқтаж азаматтарға атаулы әлеуметтік қолдау көрсету ісі одан әрі жандана түспек. Сондықтан Парламент осы орайдағы заңнамаларды жетілдіріп, тың бастамаларды табысты іске асыруға құқықтық қолдау көрсетеді» деп жазды ол.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев Президенттің денсаулық сақтау саласын дамыту бастамаларына пікір білдірді.

«Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту қажет екенін де атап өтті. Бұл ретте емделушілердің мүддесі және олардың денсаулығы басты назарда болуға тиіс. Сол себепті алдағы уақытта бұл бағытта ауқымды жұмыс қолға алынады. Жастарды қолдау, білім беру ісін жетілдіру, маман даярлау және басқа да салалар бойынша тиісті жобалар әзірленіп, жүзеге асырылады.

Жалпы, бүгін жарияланған бастамалар Президентіміздің бұған дейін қолға алған барлық саладағы жүйелі жаңғыртуларының лайықты жалғасы екені анық. Бұл шаралар саяси жүйемізді одан әрі дамытуға, шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың көптеп қатысуына жағдай жасауға және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға арналған» деп жазды Мәулен Әшімбаев.

Сөз соңында жоғары палата басшысы Сенат аталған бастамаларды нәтижелі іске асыру жұмыстарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге дайын екенін атап өтті.

«Сенаторлар егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне қажетті заңдарды дайындау, талқылау және қабылдау барысында жаңадан сайланған Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп жұмыс істейтін болады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар