Мажарстанда әлемдегі ең үлкен киіз үй тігіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 21-23 тамызында Мажарстанның Бугац қаласында дәстүрлі Түркі халықтарының үлкен құрылтайы өтеді. Бұл туралы ҚазАқпарат шара ұйымдастырушыларына сілтеме жасап хабарлайды.

Бастауын 2007 жылдан алған халықаралық шараға күллі түркі-ғұн ұрпағының өкілдері қатысады. Құрылтай аясында ежелгi көшпендiлердің дала мәдениетi, қолөнері мен өркениеті, ұлттық спорт түрлері, тұрмыс-салты көрсетіледі.

Сонымен қатар, осы салада еңбектеніп жүрген ғалымдардың зерттеулері ортаға салынып, өзара тәжірибе алмасылады.

Құрылтай-2020 бағдарламасының ерекшелігі сол, онда биыл әлемдегі ең үлкен Киіз үй тігіледі. Киіз үйге ұлы дала қолбасшысы Еділ қаған (Атилла ) есімі берілген. Оның биіктігі 7 метр, диаметрі 20 метр. Киіз үй ерекшелігі ол құрастырылады және көне ғұн дәстүрі бойынша жабдықталған.

Үйді безендіруші ғалымдарың айтуынша, киіз үйдің ішінен археологиялық, антропологиялық зерттеулер барысында табылған көне мұрағаттар көрмесін тамашалауға болады. Құрылтайдың тағы бір ерекшелігі, шара қатысушылары мен келген қонақтар, мүмкіндігінше, ұлттық киімін киіп, орта ғасырдағы (9-10 ғғ.) қару-жарақ, құрал-сайман, әшекейлерін көрсетуге тырысады.

Әдемдегі соңғы жағдайларға байланысты биыл Қазақстаннан ресми делегация келмесе де, Мажарстандағы қазақ диаспорасы мен студенттері көмегімен қазақ мәдениеті мен салтын танытатын бағдарлама дайындалып жатыр.

Биылғы Құрылтайға кәрі құрлықтың көптеген мемлекетінде тұрып жатқан қандастарымыз келеді деп жоспарланып отыр. Шара ұрпақ сабақтастығы мен ұлыстар достығының бекуіне ықпал етеді. Тағы бір айта кетерлігі, Мажарстан үкіметі жариялаған эпидемиологиялық қауіпсіздік ережелеріне сәйкес, биылғы құрылтай денсаулық сақтау шараларын ескере отырып, ашық алаңда өтеді.

«Мажар-Тұран» халықаралық қорының негізгі мақсаты – ерте түркі-ғұн мәдениетін жаңғыртуға ғылыми ортаны тарту, сол саладағы ғылыми зерттеулер арқылы көпшілікке тарихи тамырластықты таныту.

Естеріңізге сала кетейік, Түркі халықтарының үлкен құрылтайы – көшпенділер өркениетін танытатын Еуропадағы ең ірі шара. Тұңғыш қазақ-мажар құрылтайы «Ғасырдан кейінгі кездесу» деген тақырыппен Қазақстанда өтсе (Қостанай облысы 2007 жыл); екіншісі 2008 жылы Мажарстанның Бөстөрпуста аумағында ұйымдастырылды. Үшіншісі «Тұран халықтарының құрылтайы» деген атаумен 2010 жылы Мажарстанның Бугац мекенінде өтті. Содан бері Түркі халықтарының үлкен құрылтайы дәстүрлі шара ретінде әр екі жылда бір рет ұйымдастырылып келеді.

Соңғы жаңалықтар