Мәжіліс АҚШ-тағы Қазақстан азаматтарының мүддесін қорғайтын құжатты мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасындағы Консулдық артықшылықтар мен иммунитеттер туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы АҚШ-қа сапарының қорытындылары бойынша орнатылған кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында дамып келеді және одан әрі нығаюда. Қазақстан мен АҚШ арасында барлық деңгейде тұрақты саяси диалог жүргізілуде. Былтыр желтоқсан айында ҚР Премьер-Министрі мен ҚР Сыртқы істер министрінің АҚШ-қа сапарлары өтті. Сонымен қатар, осы айдың басында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы М. Помпеоның Қазақстанға сапары болды», - деп тоқталды ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Айта кетейік, Елбасы сапарының қорытындысы бойынша Сан-Францискода ҚР Бас консулдығын ашу туралы шешім қабылданды. Осылайша, АҚШ аумағында қазіргі уақытта Қазақстанның екі Бас консулдығы (Нью-Йорк және Сан-Франциско) жұмыс істейді, ал біздің елде АҚШ тарапы үшін өңірлік хаб қызметін атқаратын Орталық Азиядағы жалғыз Алматы қаласындағы АҚШ-тың Бас консулдығы ғана бар.

«Ратификацияланатын Келісім консулдық лауазымды тұлғалар мен олардың отбасы мүшелеріне дипломатиялық иммунитеттер мен артықшылықтарды қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді реттейді. 1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясына сәйкес, Келісімнің негізінде екі мемлекеттің консулдық мекемелері, қорғалатын консулдық лауазымды тұлғалары, консулдық қызметшілері және олардың отбасы мүшелері юрисдикциялық иммунитеттермен қамтамасыз етілетін, салықтар, алымдар мен баждардан өзара босатылатын болады. Екі мемлекеттің өзара пайдаланатын иммунитеттері мен артықшылықтарын күшейту консулдық лауазымды тұлғалардың және консулдық қызметшілердің қызметіне оң әсерін тигізетін болады», - деп түсіндірді министр.

Сонымен қатар, Келісімді іске асыру Америка Құрама Штаттарында Қазақстан Республикасы азаматтарының мүдделерін ұсыну және қорғаудың тиімділігін арттырады.

«Келісімді іске асыру мемлекеттік бюджеттен қаржы қаражатын бөлуді талап етпейді және Қазақстан Республикасы үшін теріс құқықтық, саяси және әлеуметтік салдарларға әкеп соқпайды. Жалпы, Келісімді ратификациялау Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне сай келеді», - деді М. Тілеуберді.


Соңғы жаңалықтар