Мәжіліс биологиялық қатерлерге қатысты құжатты мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасын Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекет басшысының 2020 жылғы 27 мамырда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында және 2020 жылғы 16 қарашада коронавирустық инфекция жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын орындау мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып әзірледі.

«Заң жобасының басты тұжырымдамасы биологиялық қауіп-қатерлерді ерте анықтау, оларды болдырмау және алдын алу болып отыр. Биологиялық қауіп-қатерлердің негізгі көздері мыналар болып саналады: аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары, халық пен жануарлардың белсенді қозғалысының, тауарлар айналымының нәтижесінде қауіпті инфекциялардың әкелінуі», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Сонымен қатар министр биологиялық қауіп-қатерлердің көзі ретінде патогенді биоагенттерге рұқсатсыз қол жеткізу, олардың реттелмейтін және еркін айналымы, төтенше жағдайлар және терроризм актілері нәтижесінде жоғары қауіпті көздерге әсер ету, биоқауіпсіздік саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігі мәселесін атады.

Алексей Цойдың пайымынша, мұндай қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың тиімді жүйесін қалыптастыру талап етіледі. Ол үшін заң жобасында:

1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы;

2) биоагенттермен жұмыс істеуге қойылатын талаптарды біріздендіру;

3) микроорганизмдердің ұлттық және жұмыс коллекцияларының қызметін регламенттеу;

4) үйлесімді мемлекеттік басқару жүйесін құру;

5) патогенді биоагенттердің айналымы туралы деректерді есепке алу мен мониторингтеудің бірыңғай жүйесін құру;

6) биотәуекелдерді басқару жүйесін енгізу;

7) биологиялық қауіп-қатерлерді болжау жүйесін құру;

8) профильді қызметтер мен халықтың төтенше ықтимал жағдайларға дайындығын қамтамасыз ету;

9) мемлекеттік реттеудің превентивті функциясын күшейту аясында реттеу ұсынылады.

Белгілі болғандай, Республикалық бюджеттік комиссия заң жобасын іске асыруға шамамен 25 млрд теңге мөлшерінде 2022-2024 жылдарға арналған шығыстарды мақұлдады. Бұл шығыстарға бейінді қызметкерлерді әлеуметтік қорғау, мемлекеттік зертханалық базаны қосымша жарақтандыру, биоқауіпсіздік саласында бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйені құру және жүргізу, микроорганизмдер коллекциясын ұстап тұру шығыстары кіреді.


Соңғы жаңалықтар