Мәжіліс Экологиялық кодекс жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Парламент Мәжілісінің депутаттары Экологиялық кодекс жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы жаңа Экологиялық кодекс жобасының нормаларын іске асыру мақсатында әзірленді. Заң жобасында 9 кодекс пен 9 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Алайда заң жобасын қарау барысында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және салық заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді шектеу және оңтайландыру бөлігі қаралды. Осылайша қолданыстағы заңнаманың талаптарын сақтау мақсатында заң жобасынан Әкімшілік кодекске, Салық кодексіне енгізуге ұсынылған түзетулер алынып тасталды», - деді заң жобасы туралы депутат Мансұрхан Махамбетов.

Оның айтуынша, заң жобасында Экологиялық кодекс жобасымен ұсынылып отырған табиғат пайдаланушыларды ең үздік қолжетімді технологияларды пайдалануға ынталандыру, экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты арттыру жоспарланған. Сондай-ақ «жасыл» тарифтерді енгізу арқылы қалдықтарды қайта өңдеу сегментін дамытуды ынталандыру, экологиялық реттеу мен бақылаудағы жаңа тәсілдер сияқты жаңалықтарды іске асыру үшін құқықтық негіздер құру мақсатында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу көзделіп отыр.

«Жұмыс тобы шеңберінде келіп түскен ұсыныстар мен түзетулер қаралды. Олар міндетті экологиялық сақтандыруға байланысты мәселелерді реттеуді, рұқсат құжаттарын алу бөлігінде Орман және Су кодекстеріне өзгерістер енгізуді, медициналық қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі қызметті реттеуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қарамағына беруді көздейді. 300-ден астам ұсыныс қаралып, талқыланды, олардың көпшілігі бойынша шешім қабылданды. Ал бір бөлігі Үкіметке қорытынды алуға жіберілді. Тұтастай алғанда заң жобасы бойынша жұмыс тобының 4 отырысы, комитеттің кеңейтілген отырысы, сондай-ақ әртүрлі алаңдарда комитеттің 2 көшпелі және 2 кеңейтілген отырысы өткізілді. Барлық комитет заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар