Мәжіліс Каспий теңізіндегі шекараға қатысты құжатты мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы биылғы 2 желтоқсанында бірінші оқылымда мақұлданды.

Оның мақсаты - Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияның ережелерін ұлттық заңнамаға имплементациялау.

«Өткен жылы Қазақстан жоғарыда аталған Конвенцияны ратификациялады, ол бойынша жұмыс 20 жылдан аса жүргізілді. Каспий маңындағы барлық елдердің мемлекеттік органдарының, сарапшылары мен іскерлік топтарының қатысумен ауқымды келіссөздер жұмысы іске асырылды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы халықаралық құжатты қабылдауға қосқан жеке зор үлесін атап өткім келеді. Ол Конвенцияның негізгі ережелерінің бірі – Каспий теңізін бейбітшілік пен тату көршілік аумағына айналдыру деп атап көрсетті», - деді депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Оның айтуынша, заң жобасында ені 15 теңіз милі болатын аумақтық сулар белгіленеді, олардың сыртқы шекаралары мемлекеттік мәртебеге ие болады. Аумақтық суларға 10 мильдік балық аулау аймақтары қосылады, онда әрбір мемлекет кәсіпшілікке арналған айрықша құқықтарға ие. Балық аулау келісілген ұлттық квоталар негізінде жүзеге асырылатын болады.

«Балық аулау аймақтары шегінен тыс ортақ су кеңістігі сақталады. Мемлекеттік теңіз шекараларынан тыс жағалаудағы елдердің туларын көтеріп жүзетін кемелер үшін теңізде жүзу еркіндігі қолданылатын болады. Каспий маңы мемлекеттері балық аулау аймағында және ортақ су кеңістігінде су биологиялық ресурстарын қорғауды бірлесіп жүзеге асырады», - деді Мәжіліс депутаты.

Заң жобасымен жұмыс істеу барысында жұмыс тобы мынадай түзетулер енгізді:

1) «континентальдіктік қайраң» ұғымын пысықтауға бағытталған түзетулер және де енді бұл ұғым Каспий теңізінің қазақстандық секторын қамтиды. Бұл екі ұғымда қайшылықтар болмауы үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіру мақсатында жасалды, өйткені іс жүзінде олар бір нәрсені білдіреді;

2) Қазақстан Республикасының аумақтық суларының мөлшерін нақтылауға;

3) «су биологиялық ресурстарының заңсыз, хабарландырылмаған және реттелмеген кәсіпшілігі» ұғымын пысықтауға;

4) Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құқықтары мен міндеттерін қайта қарауға бағытталған түзетулер.

«Конвенция нормаларын имплементациялау мақсатында Қазақстан Республикасының Су кодексіне, Қазақстан Республикасының «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы», «Сыртқы барлау туралы» Заңдарына тиісті түзетулер енгізілді», - деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.


Соңғы жаңалықтар