Мәжіліс пен мәслихат сайлауы: ҚР ОСК халықаралық байқау институтын ашады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Орталық сайлау комиссиясы шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қызметін ұйымдастыратын қаулы қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған мәселе бойынша сөз сөйлеген Орталық сайлау коммиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцованың айтуынша, Қазақстанда шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары сайлауды байқауға Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің шақыруы бойынша қатыса алады.

«Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары ОСК Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша аккредиттеледі. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі, егер оның Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлігі болса, сайлауда байқауды жүзеге асыра алады. Сайлау туралы конституциялық заң шетелдік байқаушыларға аудармашының ілесіп жүру мүмкіндігін көздейді», - деді ол.

Оның дерегінше, аккредиттеуді жүргізу дауыс беру күніне бес күн қалғанда, яғни 2021 жылғы 4 қаңтарда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады.

«Бүгін Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлауында халықаралық байқау институтын ашу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім біздің сайлау процесіміздің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету тұрғысында халықаралық міндеттемелерді қабылдауымыздың расталуы болып табылады», - деді ҚР ОСК төрағасы Берік Имашев.


Соңғы жаңалықтар