Мәжілісте әлеуметтік көмек ұсыну тетіктерін одан әрі жетілдіру мәселелері қаралды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда Мемлекет басшысының 10 сәуірде Үкіметке берген тапсырмасын орындау шеңберінде мұқтаж азаматтарға әлеуметтік көмек ұсыну тетіктерін одан әрі жетілдіру мәселелері қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутаттар алдында сөз сөйлегенЕңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов қазіргі кезде министрлік әзірлеп жатқан және осы жылдың күзіне қарай аяқталуы жоспарланған «Отбасының цифрлық әлеуметтік картасы» ақпараттық жүйесі адамдардың әл-ауқаты деңгейін белсенді форматта айқындауға мүмкіндік беретінін атап айтты. Бұл мұқтаж азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетудің мәлімдеушілік моделінен анықтаушылық моделіне көшуге мүмкіндік береді.

Отырыс барысында депутат Жанат Омарбекова республикада біліктілігі жоғары әлеуметтік қызметкерлерге сұраныс өте көп екеніне тоқталып, олардың қызметін жаңғырту қажеттігін айтты. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қашықтан оқытудың арнайы бағдарламасын жетілдірудың маңыздылығына мән берді.

«Тұрғындардың мұқтаж азаматтардың әлеуметтік көмек алуы жөніндегі барлық шағымына, ескертуі мен ұсынысына жан-жақты талдау жүргізіп, тиісті шаралар қабылдау қажет», - деді отырысты қорытындылаған Комитет төрағасы Бейбіт Мамраев. Сонымен қатар депутат Б. Мамраев шалғай елді мекендердегі мұқтаж тұрғындардың әлеуметтік көмекті уақтылы алуы мақсатында банк қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету керектігіне баса назар аударды.

Жалпы, Комитет шын мұқтаж азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетудің айқын тетігін жасауды ұсынды. Ол кейбір адамдардың тарапынан масылдық пиғыл танытудың кез келген фактісіне жол бермеуі тиіс. Сондай-ақ жұмыссыз, табысы аз азаматтарды және мүмкіндігі шектеулі адамдарды еңбекке тарту және олардың экономикалық белсенділігін арттыру мүмкіндіктерін кеңейту мәселесін жүйелі түрде пысықтау ұсынылды.


Соңғы жаңалықтар