Мәжілісте квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуы туралы заң жобасы таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл заң жобалары Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 16-тармағы аясында әзірленді.

Қаржы вице-министрі Қанат Баеділовтің айтуынша, қазіргі кезде квазимемлекеттік сектордың сатып алулары қатыстылығына қарай түрлі нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі.

«Заң жобасында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуларын бірыңғай нормативтік-құқықтық акті аясында реттеу ұсынылып отыр», - деп нақтылады вице-министр.

Сонымен қатар мемлекеттік сатып алуларға ұқсас тендерлік құжатнаманы алдын ала талқылау тетегін қарастыру ұсынылып отыр.

«Сатып алулар жүргізу процесін талдап тексеру нормаларын сатып алулар деңгейінде регламенттеу ескерілген. Сонымен бірге «Самұрық-Қазына» қоры сатып алулары ережелерін бекітуді қордың басқарауында сақтау ұсынылады. Бұл өз кезегінде қор қызметінің ерекшелігіне әрі оның мәртебесіне байланысты. Сонымен қатар, бұл бағытта IPO жүргізу кезінде қор компанияларының инвестициялық тартымдылығын сақтау назарға алынды», - деді Қанат Баеділов.

Мұнымен қоса ол негізгі заң жобасымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын таныстырды.


Соңғы жаңалықтар