Мәжілісте саяси партиялардың өту шегін төмендетуге қатысты заң жобасы қаралады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заң жобасын талқылайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аталған Конституциялық заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы қыркүйектегі Жолдауын, сондай-ақ Парламенттің ағымдағы сессиясының ашылуында берілген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Заң жобасы аясында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңға жергілікті әкімдерді тікелей сайлауды тағайындау, ол кандидаттарға қойылатын талаптар, кандидаттарды ұсыну тәртібі, өзін-өзі ұсынған кандиттарды қолдау үшін қол жинау тәртібі, кандидаттарды тіркеу, сайлау кезіндегі дауыстарды санау, сайлау қорытындыларын белгілеу және жариялау тәртібі, сайлау өткеннен кейін сайланған әкімді тіркеу бойынша бірқатар түзетулер көзделеді», - деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Қанат Мусин палатаның жалпы отырысында.

Оның айтуынша, заң жобасында Парламент Мәжілісіне сайлау кезіндегі саяси партиялардың өту шегін 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендету, «бәріне қарсымын» деген жазуы бар бағанды барлық деңгейлердегі сайлау бюллетеньдеріне қосу туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

«Заң жобасында жергілікті әкімдер сайлауына саяси партиялар кандидаттарды ұсынуы көзделеді. Бұдан басқа, тиісті аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер тұрғындарының пассивті сайлау құқықтарын іске асыру мақсатында заң жобасында өзін-өзі әкімдер сайлауына ұсынуға мүмкіндік қарастырылған. Әкімдікке халық ұсынатын кандидат өзін қолдауы үшін тиісті қол санын жинайды. Комитет заң жобасын қарап, қорытынды әзірлеуге дайын», - деді Қ. Мусин.

Сонымен қатар Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» іліспе заң жобасын да қарайтын болады.

Заң жобасымен «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарға түзетулер көзделеді.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңда жергілікті әкімдерінің тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін жауаптылығын қарау бөлігінде аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) мәслихаттарының құзыретін толықтыру ұсынылады. Сондай-ақ жергілікті әкім лауазымына сайлаудың және өкілеттіктерін тоқтатудың жаңа тәртібі айқындалды.

«Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға сайланатын әкімдер үшін аттестаттау мен ротациялауды алып тастау және арнайы тексерістен өткізудің жаңа тәртібін енгізу бөлігінде түзетулер енгізіледі. «Саяси партиялар туралы» Заңға жергілікті әкімді сайлауға саяси партиялардан кандидаттарды ұсыну жөнінде нормалар қарастырылған. Комитет заң жобасын қарап, қорытынды әзірлеуге дайын», - деді Қанат Мусин.


Соңғы жаңалықтар