Мәжілісте су ресурстарын басқару жүйесін оңтайландыру ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Зүлфия Сүлейменова су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету – елдің ұлттық қауіпсіздігінің стратегиялық міндеті. Мұны Мемлекет басшысы 26 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап өтті. Осы салада қабылданып жатқан шараларға қарамастан, елдегі су проблемасы жыл сайын күрделене түсуде. Өзендердің ағысы қысқаруы және көлдердің құрғауы, тұщы судың ұзақ мерзімді қорлары – мұздықтар мен тоңның еруі, жер асты бассейндердің қарқынды ластануы байқалады. Бұл мәселелер су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жобамен қамтылуға тиіс екені сөзсіз», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда ол өзінің жүйелі шешімін таппаған сектордың негізгі проблемаларына тоқталды. Біріншіден, су ресурстарын басқарудың мемлекеттік жүйесінің бытыраңқылығы мен фрагментациялануы сақталуда. Бүгінде су мәселесімен 8 министрлік, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының компаниялары айналысады. Осылайша, су саясатын жүзеге асыруға 172 құрылымдық бөлімше мен ұйым тартылған. Бұл ретте оны үйлестіру жоқ. Суды басқарудың қалыптасқан күрделі жүйесі мемлекеттік аппаратты проблемалардың себептерін шешуге емес, салдарларын жоюға назар аударуға мәжбүр етеді. Мұндай жағдай азық-түлік қауіпсіздігінің төмендеуіне, жанжалдарға және халықтың көші-қонына әкелуі мүмкін.

«Екіншіден, бүгінде салада су мамандарының тапшылығы байқалуда. Мысалы, депутаттармен трансшекаралық су бөлу мәселелері бойынша шектес мемлекеттермен келіссөз позициямызды нығайту туралы мәселе бірнеше рет көтерілген болатын. Алайда, мәселе су дипломатиясы саласындағы келіссөз жүргізуші мамандардың тапшылығына тіреліп отыр. Білім мен тәжірибе жинақталған бірнеше ғылыми институттар материалдық-техникалық қамтамасыз етудің проблемаларын бастан кешіруде. Мәселен, су саласындағы жабық сипаттағы жобаларды жүзеге асыратын және Қытаймен су жөніндегі келіссөздерді сараптамалық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін жалғыз География және су қауіпсіздігі институты бірнеше жылдан бері өзінің жеке ғимараты мәселесін шеше алмай келеді», - деді Зүлфия Сүлейменова.

Оның сөзіне қарағанда, жоғарыда баяндалғанның негізінде саланың өзекті мәселелерін дайындалып жатқан Су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жоба аясында шешуді қарастыру маңызды.

«Біріншіден, су саясатын шоғырландыру және су ресурстарын басқару жүйесін оңтайландыру. Бұл ретте осы кешенді және маңызды мәселенің шешімін бір министрлікке немесе бір әкімдікке аударуға болмайды. Екіншіден, әсіресе су дипломатиясы саласында су мамандарын даярлауды және олардың келіссөз процестеріне қатысуын қамтамасыз ету. Үшіншіден, су ғылыми орталықтарын тиісті материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесін шешу. Су қауіпсіздігі мәселесі мемлекеттік саясаттың басымдақтарына сөз жүзінде емес, іс жүзінде айналуы тиіс», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар