Мәжілісте жайылымдар туралы заң талаптарының орындалу мәселесі көтерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бір топ депутат жайылымдық жерлердің мәселесі бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Біздің депутаттық сауалымызға сайлаушылардан жер мәселесі туралы, соның ішінде жайылым жерлерге қатысты көптеген арыз-шағымдардың келгендігі негіз болып отыр. Баршаңызға белгілі, 2017 жылы жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі проблемасын шешу үшін «Жайылымдар туралы» Заңы қабылданды. Заң жайылымдық алқаптарды тиімді реттеуді дамытуға, оның ішінде жайылымдарды ұтымды пайдалануға және олардың инфрақұрылымын жақсартуға, жердің тозу процестерін болғызбауға бағытталған. Заңның 13-15 баптарына және Жер кодексінің 84-бабына сәйкес қабылданған нормаларда жайылым жерлердің тиімді қолданылуы жөнінде көрсетілген әрі мал өсірумен айналысатын үй шаруашылықтарының қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған», - деп тоқталды Фахриддин Қаратаев.

Оның пайымынша, жергілікті атқарушы органдар ол Заңға жеткілікті түрде мән бермей келеді. Заңның 13-бабына сәйкес қабылданған нормативтік құқықтық актілер - жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарлар өңірлерде практикада түрінде орындалмайды. Соның салдарынан ауыл тұрғындары арасында әлі күнге дейін түсініспеушілік пен наразылықтар туындап, жер мәселесі бойынша даулар көбейіп отыр.

«Nur Otan» партиясының Партиялық бақылау комитетінің комиссиясы аталған мәселені қарастырып, тиісті мемлекттік органдарға жайылым жерлерге қатысты нақты ұсыныстар берген болатын. Олда бүгінгі таңға дайін шешімін таппай отыр. Аталған комиссияның мәліметіне сүйенсек, елді мекендер үшін жайылымдық жерлердің тапшылығы барлық облыстар бойынша байқалады, - деді депутат.

Осы орайда ол жайылымдарды пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында:

1. Облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық округтер, кенттер, ауылдық әкімдіктеріне биылдың аяғына дейінгі мерзімде «Жайылымдар туралы» ҚР Заңының талаптарын, оның ішінде «Жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларды» жасауды, бекітуді және практикалық қолдану бөлігінде орындау шараларын қабылдау;

2. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың биылғы кеңейтілген Үкімет отырысында берген тапсырмасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар елді мекендерге қолданылмай жатқан жайылым жер учаскелерін мемлекеттік меншікке қайтару жөнінде қатаң шаралар қабылдау, сондай-ақ, әрбір елді мекен бойынша жайылымдарды басқару жөнінде нақты жоспарлар құруды әрі осы жайында халықты ашық түрде хабардар ету;

3. Заң сәйкестігіне орай орталық және жергілікті атқарушы органдармен қабылданған барлық заңдық актілерге сараптама жүргізу;

4. «Жайылымдар туралы» Заңның 13, 15 - баптарын және Жер кодексінің 84-бабы 2-тармағының 4-1) тармақшасының орындалуын ерекше бақылауға алып, Ауыл шаруашылығы министрлігі, өңірлердегі жергілікті атқарушы органдар және жер инспекциясымен бірлесіп, Заңдағы бекітілген міндеттерді дер кезінде орындау ұсынылды.


Соңғы жаңалықтар