Меценаттар аурухана, жол, көпір секілді нысандар салуға да атсалысуы керек - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Меценаттар мешіт жеткілікті жерлерде мектеп, аурухана, жол, көпір секілді халық көп жылдар бойы игілігін көретін нысандар салуға атсалысуы керек. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев ІІІ республикалық имамдар форумында осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы алдында тұрған бірқатар маңызды мәселелерге тоқталып өтсем деймін. Біріншіден, Діни басқарманың ағартушылық жұмыстарының сапасын жаңа деңгейге көтеру қажет. Азаматтардың, әсіресе жастардың бойында радикалдық идеяларға қарсы иммунитетті қалыптастыруды жалғастырған жөн. Сондай-ақ, теріс діни ағымдардың ықпалына түсушілерді оңалту, бейімдеу, дәстүрлі дінге қайтару жұмыстарын күшейту керек», - деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, мұндағы басты кемшілік – дін саласының өте өзекті де нәзік мәселелері шалғай елді мекендердің тұрғындарына, халықтың ұйымдаспаған топтарына жетпеуінде.

«Мәселеге ерекше мән берулеріңізді сұраймын. Осы тұста, барлық елдімекендегі имамдарды халыққа насихат жасау кезінде қоғамдағы өткір мәселелерге тоқталып, келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған уағыздар жүргізуге шақырамын. Өздеріңізге белгілі, барлық маңызды дәстүрлеріміз – шілдехана, неке қию, ас пен қазалы жиындар имамдардың қатысуынсыз өтпейді. Міне, осындай жиындарда уағыз айтумен қатар, халықты ысырапшылдық пен орынсыз сән-салтанаттан тыйылуға, жастарымызды некені сақтауға, азаматтарды саламатты өмір салтын ұстануға шақырған жөн. Бір сөзбен айтқанда, Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзегі – прагматикалық көзқарасқа бұқараны тәрбиелеуге өз үлестеріңізді қосуды сұраймын», - деді ведомство басшысы.

Дәурен Абаев меценаттарға мешіттен басқа, мектеп, аурухана, жол, көпір секілді халық көп жылдар бойы игілігін көретін нысандар салуға үндеді.

«Өңірлерде коммуналдық-шаруашылық мәселесі толық қамтамасыз етілген мешітті ғана қолданысқа беру қажет деп санаймын. Мешітті ашқан жергілікті демеушілер мен меценаттарды бастапқы уақытта діни ғимараттың шығындарын өз қамқорлығына алуға шақыруларыңызды сұраймын. Сонымен бірге, дініміз бойынша «сауапты іс» жасау тек қана мешіт салумен шектелмейтіні белгілі. Әрине, қажеттілік бар жерде мешіт салынуы керек, алайда мешіт жеткілікті болса қайырымды азаматтар мен меценаттарды мектеп, аурухана, жол, көпір секілді халық көп жылдар бойы игілігін көретін, сауабы да орасан зор игі істерге көптеп үндеуді ұсынамын», - деді ол.

Айта кетсек, бүгін елордада 500 имамның қатысуымен ІІІ республикалық имамдар форумы өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушыларына құттықтау хатын жолдады.

Фото: www.muftyat.kz

Соңғы жаңалықтар