Медицина түлектері қай өңірге көбірек барады – статистика

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ДСМ республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Қанат Төсекбаев медицина түлектерін жұмысқа орналастыру көрсеткіштерін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Медициналық ЖОО, ҒЗИ, ҒО бойынша 2020 жылы 7 910 маман даряланды. Ауылдық квотаны қоса алғанда, 5 551 түлек мемлекеттік грант бойынша оқуды аяқтады. Сонымен бірге ҚР «Білім туралы» заңына сәйкес, 3 156 адам міндетті жұмыспен өтеуден босатылды. Оның ішінде 1 735 маман резидентурада, магистратурада, докторантурада оқуын жалғастырды, 1 421 маман жүктілік, 3 жасқа дейінгі бала күтімі, мүгедектік бойынша босатылды. Әскери қызмет үшін 3 түлектің оқуы кейінге қалдырылды. Ал 272 жас маман жұмысқа жіберілген орнына келген жоқ. Мемлекеттік медициналық ұйымдардағы еңбекпен өтеу міндеттемелерінің орындалуын Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ жүзеге қадағалайды», - деді Қ. Төсекбаев Орталық коммуникациялар орталығында өткен онлайн брифингте.

Осылайша 2020 жылы оқу бітірген 2 054 маман жұмысқа орналасқан.

«Түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша ең жоғары көрсеткіш Ақтөбе облысында тіркелді, аймаққа бөлінген жас мамандардың 90% келген. Жұмыспен өтеуден босатылған түлектерді ескере отырып, Ақтөбе облысына 111 адам жіберілсе, 100 жас маман жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысында 158 жас маманның 138-і (87%), Павлодар облысында – 80 түлектің 68-і (85%) жұмысқа орналасып, жоғары көрсеткішке жеткен. Ал ең төмен көрсеткіш Ақмола облысында (52%), онда жіберілген 88 болашақ медицина қызметкерінің 46-сы ғана барған», - деп түсіндірді спикер.

Жалпы практика дәрігерлері ең сұранысқа ие мамандар болып қала береді, оларға республика бойынша 652 штаттық орын тапшылығы бар. Анестезиолог-реаниматологтар да еңбек нарығында сұранысқа ие, бұл мамандар үшін 360,5 штаттық орын бос тұр.

«Жалпы дәрігерлік практика» мамандығының түлектері биылғы тапшылықты 60%-ға қамтуы тиіс, ал терапевттер мен педиатрларға қажеттілік толық қанағаттануы тиіс.

«Бірақ анестезиолог-реаниматологтардың тапшылығы жоғары болып қалады, өйткені түлектерді жұмысқа орналастырғаннан кейін де шамамен 80% кадр жетіспеушілігі болады», - деді Қ. Төсекбаев.

Айта кетейік, Қазақстанда 4122 штаттық орынға дәрігерлер қажет. Әсіресе, анестезиолог-реаниматолог, терапевт, жалпы практикалық дәрігер, зертханашы дәрігер, акушер-гинеколог, инфекциялық дәрігерлер жетіспей жатыр. Орташа медициналық қызметкерлер арасында 8583 бос штаттық орын бар.

Бір жылда елімізде 31 мың маманы жұмыстан шығып, 1200 маман шетелге кеткен.


Соңғы жаңалықтар