Медқызметкерлер күні: отандық медицина мен фармацевтика, маман тапшылығы және жалақы

None
None
Кез келген мемлекеттің ең басты міндеттерінің бірі – ел азаматтарының денсаулығын, өмір сапасын жақсарту. Осы бағытта соңғы 30 жылда отандық денсаулық сақтау саласын дамыту, медицина мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін айтарлықтай жұмыс жасалды. Әсіресе, пандемия тұсында медицина саласына ерекше көңіл бөлініп, жетіле түсті. Биылдың өзінде бұл салаға 4,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Еліміздегі медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, отандық медицина мен фармацевтика саласының даму қарқыны, сондай-ақ медицина кадрларын даярлау мәселелері, дәрігерлердің жалақысы және қабылданған заңдар туралы материал дайындауды жөн көрдік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Қазақстан әлемдік рейтингте 58-орында тұр

Әлем елдері денсаулық сақтау жүйесінің сапасы бойынша 2022 жылғы рейтингіні жарияланды. Energyprom сарапшыларының дерегінше, 95 елдің ішінде Қазақстан 58-орында тұр. Қазақстан индексі – 59,99. Индекс 100-ге неғұрлым жақын болған сайын, елдің денсаулық сақтау жүйесі соғұрлым сапалы. Индексті есептеу кезінде денсаулық сақтау мамандарының білімі, медициналық жабдықтардың сапасы, дәрігерлердің біліктілігі, қызмет көрсету бағасы және тағы басқа факторлар назарға алынады. Рейтингіге сәйкес, Тайуан, Оңтүстік Корея және Жапонияның денсаулық сақтау жүйесі ең үздік деп танылды. Ал ең нашар көрсеткіш Венесуэлада тіркелген. ТМД елдері арасында Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі үздік деп танылған. Бұл ретте Ресей, Украина және Әзербайжанның көрсеткіштері біршама төмен.

Рейтингіге сәйкес, биылғы ақпан айында амбулаторлық-емханалық қызметтердің бағасы айына 1,8%-ға, жылына 6,4%-ға өскен. Ай сайынғы динамика бойынша дәрігерлік амбулаториялардағы маман дәрігерлердің қызметі 6,1%-ға, дәрігердің алғашқы қабылдаулары 2,1%-ға, медициналық зертханалар мен рентген кабинеттерінің қызметтері 1,4%-ға, стоматологиялық қызметтер 0,6%-ға артқан. Жылдық динамика бойынша, дәрігерлік амбулаториялардағы маман дәрігерлердің қызметі 9,8%-ға, дәрігердің алғашқы қабылдаулары 8,5%-ға, медициналық зертханалар мен рентген кабинеттерінің қызметтері 5,8%-ға, стоматологиялық қызметтер 4,4%-ға қымбаттаған.

Елімізде әрбір 100 мың тұрғынға 405 дәрігерден, дәлірек айтсақ, 14 провизордан, 21 фармацевтен, 323 дәрігер-маманнан және 10 тіс дәрігерінен келеді. Елорда мен Алматы қаласы және Қарағанды облысы дәрігерлермен біршама жоғары деңгейде қамтылған. Ал, Ақмола, Алматы және Түркістан облыстарында дәрігер жетіспеушілігі байқалады.

2021 жылы денсаулық сақтау жүйесінде не өзгерді

2021 жылы медицина саласында бірқатар өзгеріс болды. ҚР ДСМ мәліметінше, медициналық ұйымдарды жарақтандыру шеңберінде қабылданған шаралар медициналық техникамен жарақтандыруды 77%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Бала туу көрсеткіші 7,13%-ға артты. Сонымен қоса, жылы 44 жоғары технологиялық медициналық қызмет енгізілді. Өткен жылы жүрекке 9 503 ота жасалған. Орталық жүйке жүйесі ауруларын радиохирургиялық емдеу үшін Гамма-пышақ орталығы ашылды. Қосымша 4 инсульт орталығы құрылды. Семей қаласында Ядролық медицина орталығы жұмысын бастады (радиойодтерапия, ПЭТ диагностика).

Онкологиялық науқастар үшін жасыл дәліз енгізілді. Қатерлі ісіктерді емдеу үшін қосымша 3 жоғары технологиялық сәулелік терапия аппараты орнатылды. Онкологиялық қызметті дамыту бойынша қабылданған шаралар қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткішін 6,33%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Қазақстанда қолданылатын COVID-19 клиникалық емдеу хаттамасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындады. «Qaz Bio Pharm» ұлттық орталығы құрылды.

Еліміз бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына бару саны 101 199 905 құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,3%-ға артық.

Фармацевтика саласында өндіріс көлемі артты

Бүгінде елімізде дәрілік заттар, медициналық бұйымдар мен медициналық техниканың 96 отандық өндірушісі жұмыс істейді. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2021 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында отандық өндірістегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың көлемі 191,6 млрд теңге болды. Фармацевтикалық нарықтың жалпы көлемі 820,2 млрд теңгеге жеткен.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният үкімет отырысында биылғы қаңтар-сәуір айларында фармацевтикалық өнім көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5%-ға өскенін мәлімдеді. Министрдің айтуынша, бұл өсім «Химфарм» АҚ, «Нобель АФФ» АҚ, «Абди Ибрагим ГлобалФарм» ЖШС, «Келун-Казфарм» ЖШС өндірістік алаңдарында дәрі өндірісі көлемінің өсуімен байланысты болды. Денсаулық сақтау министрлігі бірыңғай дистрибьютор 37 отандық тауар өндірушімен 5 мыңнан дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды (811 дәрілік зат және 4 196 медициналық бұйым) жеткізуге 96 ұзақмерзімді шарт жасады. Оның ішінде дәрілік заттарға - 43, медициналық бұйымдарға - 53 ұзақмерзімді шарт жасалған.

Сонымен қатар, ел аумағында КВИ-дің таралуына жол бермеу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдарды КВИ емдеу кезінде қолданылатын дәрілік заттармен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін әзірледі. Осы мақсатта медициналық ұйымдарда, сондай-ақ эпидемиологиялық жағдайға байланысты жедел жөнелту үшін Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында дәрі-дәрмек қоры құрылды. Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірқатар шұғыл шара қабылдады. Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында коронавирус инфекциясынан емдеу үшін жалпы сомасы 6,27 млрд теңгеге дәрілік заттардың екі айлық қоры қалыптастырылды. Медициналық ұйымдарда жалпы сомасы 11 млрд теңгеге айлық қор жасақталған.

2021 жылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы барлық денсаулық сақтау ұйымдарына түгендеу жүргізуді тапсырған еді. Бұл орайда босандыру және жансақтау қызметтеріне баса назар аудару, сондай-ақ оларды медициналық жабдықтармен жарақтандыру бойынша шаралар қабылдау маңызды. Түгендеу нәтижелері бойынша медициналық техникамен жарақтану деңгейі 2022 жылдың басында республика бойынша орта есеппен 83% болды. 2021 жылмен салыстырғанда 7%-ға өсу байқалады.

Медицина мамандарын даярлау мәселелері

Коронавирус пандемиясы медицина кадрларын даярлау ісіндегі бірқатар проблема бар екенін көрсетті. Денсаулық сақтау министрлігі балалардың жұқпалы аурулары, жалпы гигиена, жалпы эпидемиология, клиникалық эпидемиология, жұқпалы аурулар, жедел медициналық көмек, ішкі аурулар және балалар аурулары, пульмонология сияқты пәндердегі биологиялық қауіпсіздік бағыты бойынша тақырыптарды оқытуды күшейтті.

Интерндер мен резиденттер үшін эпидемиология, патогенез, клиника, диагностика, дифференциалды диагностика және COVID-19 коронавирус инфекциясын емдеу бойынша қосымша семинарлар мен дәрістер өткізілді, олар ҚР ДСМ клиникалық хаттамаларымен танысып, вебинарларға қатысты. Оқытудың барлық деңгейінде пәндердің санитарлық-гигиеналық компоненті күшейтілді, сондай-ақ резидентура деңгейіндегі білім беру бағдарламалары өзектендірілді. «Эпидемиология», «Гигиена» мамандықтары бойынша бейіндік магистратура бағдарламалары қосымша әзірленді.

2021 жыл ішінде пандемияға қатысты мәселелер бойынша 60 мыңнан астам медицина қызметкерлері үшін қысқа мерзімді курстар өткізілді. Республикалық бюджет аясында бүгінде 15 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды, олардың ішінде 8 мыңнан астамы инфекциялық аурулар эпидемиологиясы және биоқауіпсіздік, инфекциялық емес аурулардың профилактикасы және тиімді емдеу курстары бойынша оқытылған.

Дәрігердің орташа жалақысы 400 мыңнан асты

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына тапсырмасын жаңа жағдайда орындау мақсатында: дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру жүргізіліп жатыр. Мәселен, 74 мыңнан астам дәрігердің жалақысы өсті, қамту - 100%. Дәрігердің орташа жалақысы 2020 жылы 189,3 мың теңгені құрады, 246,1 мың теңгеге дейін немесе 30%-ға өсті. 2021 жылы 320 мың теңгеге дейін немесе 30%-ға өсті. 2022 жылы өсім 415,9 мың теңге немесе 30% болды.

Жоғарыда көрсетілген іс-шараларды іске асыру үшін «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына тиісті толықтырулар енгізілді. Қазіргі таңда 2023 жылға қарай дәрігердің орташа жалақысын 531 мың теңгеге дейін, орта медицина қызметкерінің жалақысын 249 мың теңгеге дейін арттыру жоспарланып жатыр.

Қазақстан коронавируспен қалай күресті

Осыдан екі жыл бұрын коронавирус індеті алғаш тіркеліп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан 2020 жылдың наурыз айында пандемия жарияланған еді. Қауіпті індеттің алғашқы жылында әлемде 118 миллионнан астам адам індетке шалдыққан болса, бүгінде олардың саны 540 миллионнан асып жығылды. Осы орайда, еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне коронавирус инфекциясымен ауырғандар санының көп болуына байланысты үлкен жүктеме түсті. Алайда, қазіргі таңда барлық өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып, науқастардың 98%-дан астамы сауығып шықты. Қазақстанда коронавируспен күреске 17 мыңнан астам дәрігер атсалысты. Арасында қызмет барысында індет жұқтырып, қайтыс болған дәрігерлер де бар. Ресми дерекке сүйенсек, республика көлемі бойынша 224 медқызметкер қайтыс болған. Үкімет медицина қызметкерлерінің туыстарына өтемақы ретінде әрқайсына 10 млн теңгеден өтемақы берілгенін мәлімдеді.

Биылғы 24 қаңтарда Ведомствоаралық комиссияның отырысында карантиндік шараларды жеңілдету тәсілдері қаралып, мақұлданды. Қазір елімізде барлық шектеу шаралары алынған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша соңғы аптада бүкіл әлемде ауру 12%-ға төмендеді, бірақ аурудың өсуі Америка және Африка өңірлерінде байқалады. ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мамыр айында өткен Орталық коммуникациялар баспасөз мәслихатында айтқан мәліметі бойынша, 2022 жылы 3,6 млн доза вакцина (Спутник Лайт вакцинасының 150 мың дозасы, Синофарм вакцинасының 2 млн дозасы, QazCovid-in (QazVac) вакцинасының 1,5 млн дозасы сатып алынған.

Денсаулық сақтау саласына қатысты қабылданған заңдар

2021 жылы (https://kaz.inform.kz/news/biyl-densaulyk-saktau-salasyna-katysty-3-zan-kabyldanady-ministr_a3905312) Денсаулық сақтау министрлігі алғаш рет «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдардың жобаларын әзірледі. Негізгі заң жобасы 8 тараудан және 32 баптан тұрады, ілеспе заң жобасы 3 кодекс пен 10 заңды қоса алғанда, 13 заңнамалық актіге өзгерістер енгізеді. Заң жобаларының негізгі мақсаты – биоқауіптерді анықтау, алдын алу және алдын алу жүйесінің құқықтық негіздерін құру. Заң жобасында негізгі биоқауіптер: аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары, халық пен жануарлардың көші-қоны нәтижесінде қауіпті инфекциялардың әкелінуі, тауарлардың айналысы, ПБА-ның реттелмейтін айналысы, төтенше жағдайлар нәтижесінде жоғары қауіптілік көздеріне әсер ету және биоқауіпсіздік саласында білікті кадрлардың тапшылығы белгіленген.

Қорыта келе, елімізде денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып жатыр. Халықтың қалың тобына, оның ішінде ауыл тұрғындарына қолжетімді және жедел алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдері қайта қаралуда. Жоғары технологиялық көмек көрсету көлемі өсіп, жаңа перинаталдық орталықтар салынып жатыр. Ең маңыздысы соңғы жылдары елімізде өмір сүру ұзақтығы және туу көрсеткішінің деңгейі өсті.

Венера Жоламанқызы


Соңғы жаңалықтар