Мектеп директоры: Балаңызды ерекше тәрбиелеймін деп, тәкаппар етіп алмаңыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Дарынды балалармен жұмыс істеудің ерекшелігі неде? Дайындалып жатқан «Мұғалім мәртебесі» заңы нені өзгертеді? Қазіргі қоғамда бала тәрбиесіне қатысты қандай олқылықтар бар? Математика пәнінің маңызы қандай? ҚазАқпарат тілшісінің осы және басқа да сұрақтарына Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Нұрғали Рахымұлы жауап берді.

МҰҒАЛІМ БОЛУ АРҚЫЛЫ КӨП НӘРСЕНІ ӨЗГЕРТУГЕ БОЛАДЫ

-Сарбаз генерал болуды армандаса, сіз ұстаздық жолды таңдаған кезде мектеп директоры болуды армандадыңыз ба?

- Менде тоқтамай даму туралы жоспар болды. Бала кезімнен қоғамды өзгерту туралы құлшыныс көп еді. Әскери адам болуды да, журналист болуды да армандадым. Кейін есейе келе жақсы мамандарды, болашақта тұлға болатын адамдарды дайындап шығара алатын, білім, бағыт беретін бір жер болса, ол – мектеп екенін түсіне бастадым. Мұғалімдік жолды таңдайтынымды айтқан кезде ата-анам, туыс, достарым да қарсы болды. Достарымның бірі «мұғалім болу арқылы қоғамды өзгертемін деген – бос сөз. Жүйені өзгерту оңай ма? Кейін осы жолды таңдағаныңа өкініп қаласың» деді. Сол кезде ол пікірге «Мен мақсатыма жетем. Мұғалім болу арқылы көп нәрсені өзгертуге болады» деген едім. Сол алған бетімнен қайтқан жоқпын.

ӘР БАЛА – ДАРЫНДЫ, ТЕК КЕЙБІРІ АШЫЛМАЙ ҚАЛАДЫ

- Мұғалімдік жолды бастаған кезіңіз есіңізде ме? Жалпы, балабақшада да, мектепте де, жоғары оқу орнында білім беретін әйелдер үлесі көп. Мұндай жағдай балалардың тәрбиесіне қаншалықты әсер етеді?

- Меніңше, тепе-теңдік болуы керек. Мектепте қыз балалар көп болса – әйел мұғалімдер көбірек болуы керек, ер балалар көп болса – ер мұғалімдер көбірек болғаны дұрыс. Назарбаев зияткерлік мектептерінде мұғалім жалақысы отбасын асырап-бағуға жетеді, ал орта мектептерде олай емес қой. Сол себепті ер адамдар мектепте мұғалім болуды қаламайтын шығар.

- Сіз жұмыс істейтін мектепте білімді, дарынды балалар іріктеліп алынады. Олармен жұмыс істеудің артықшылығы, ерекшелігі неде?

-Негізі кез келген бала – дарынды бала, тек кейбірінің дарыны уақытында бақалмай қалып жатады. Мүмкін бірі садақ атудан дарынды болса, енді бірі балықты керемет аулайтын шығар? Ата-ана, мұғалім баланың сондай дарынын көре біліп, ашуы керек. Дарынды балалармен жұмыс істеудің өз ерекшелігі бар. Артықшылығы – олардың көруге, білуге, үйренуге деген қызығушылықтары жоғары болады. Ерекшелігі – өздері дарынды болғандықтан, алдында сабақ беріп тұрған мұғалімге қоятын талабы да зор, қоятын сұрақтары да өзгеше. Яғни, сондай балаларға сабақ беруге лайықты болу керексіз. Білікті, мықты маман болмасаңыз ондай балалардың сізді сыйлауы, тыңдауы қиынға түседі.

«ЕСКЕРТКІШ» ҚОЮҒА БОЛАТЫН МҰҒАЛІМДЕР БАР

- Мықты ұстаз болуы үшін не істеу керек?

- Баланы жақсы көре алмайтын адам мұғалім бола алмайды. Өз жұмысын жақсы көретін мұғалім жалақының аздығына, жеке өмірінде болып жатқан тұрмыстық жағдайына назар аудармайды. Іссапармен ауыл-аймақтарды аралаған кезде сыныбы мектеп құралдарымен дұрыс жабдықталмағанына, қыста жылудың болмауына, оқулықтардың жеткілікті еместігіне, жалақысының аздығына қарамай оқушыларымен керемет жұмыс істеп, қолынан келгенше оларға бар білгенін үйретіп жатқан мұғалімдерді көрдім. Міне, осындай мұғалімдерге «ескерткіш» қою керек! Демек, мұғалім бола білу де – өнер, ол Құдайдың берген дарыны.

- Сіз өзіңіз оқушыларыңызды қалай мойындатасыз?

- Менің ұстанымым – мықты математик емес, мықты тұлға дайындап шығару. Математика пәні мен үшін ұстаз бен оқушыны байланыстырып тұратын көмекші құрал ғана. Мен оқушыларға сабақ беріп кетіп қалмай, сабақ арасында, соңында уақыт тауып әңгімелесемін. Маған олардың не ойлайтыны, оларды не қызықтыратыны, нені уайымдап жүргені – бәрі маңызды. Ал қазір директор болғалы мұғалімдермен тығыз жұмыс істеймін. Оларға оқушылармен қалай дұрыс қарым-қатынас жасау керектігі туралы бағыт-бағдар берем.

- Сол бағыт-бағдарлардың біріне тоқталып өтсеңіз.

- Мысалы, егер директор ашушаң болса, меңгерушілерге дауыс көтеріп сөйлесе, олар мұғалімдерге дәл солай дауыс көтеріп сөйлейді. Одан кейін мұғалімдер сыныпқа барған кезде оқушыларына дәл солай дауыс көтеріп сөйлейді. Адамның жаратылысы, психологиясы солай. Қаржылық мәселеден басқа, эмоциялық мәселе де бар екенін ұмытпау керек. Менің мақсатым – айрандай ұйып отырған орта қалыптастыру. Егер ұжымда бәрі жақсы болса, табыстың аздығы, басқа мәселер екінші орында қалады. Ал ұжымда бірлік болмаса – қол астыңдағы адамдарды жоғары жалақымен де ұстап қала алмайсың.

- Мұғалімдермен жұмыс істеген қаншалықты қиын?

- Біздің мектептегі мұғалімдер шетелден келген жоқ немесе аспаннан салбырап түскен жоқ. Олар осы жерге байқау негізінде іріктеліп алынса да, бастапқыда еңбек жолын қарапайым орта мектепте бастаған, сондықтан олармен де көп жұмыс істеуің керек.

КӨП НӘРСЕГЕ КӨҢІЛІ ТОЛМАЙТЫН АДАМНЫҢ ӨЗІ ҚОҒАМ ҮШІН НЕ ІСТЕДІ?

- Біздің бала кезімізде мұғалімді қалай қадір тұтып, мінсіз адам ретінде қабылдадық. Қазір олай емес. Оған кім кінәлі немесе кім жауапты деп ойлайсыз?

- Оған кінәлі – қоғам. Бұрын мұғалім неге қадірлі болды? Себебі ата-анаң үйде «Мұғаліміңді сыйла. Мұғалімдікі дұрыс» деп отыратын, яғни қоғам басқаша болды. Егер қоғам бір-бірін кінәлауды доғармаса, дұрыс жолда жүруді өзінен бастамаса, ата-ата бала тәрбиесін тек тәрбиеші, мұғалімдерге ысырып қоюын тоқтатпаса, әркім өзін ақтай жөнелуді қоймаса – білім жүйесінде ештеңе өзгермейді. «Мұғалім мәртебесі» туралы заң жобасы жақсы, бірақ мектептің сыртындағы жағдай, яғни қоғам өзгермесе оның ішіндегі нәрсе өзгере алмайды. Егер балаңызға «Автобуста үлкенге орын берме, сен де ақша төледің», «Мұғалім ұрысса маған айт, өзім барып сөйлесем», «Сен ғана ерекшесің, сен ғана кереметсің, сенікі ғана дұрыс» деп отырса мектеп ішіндегі жағдай қалай өзгереді? Көп нәрсеге көңілі толмайтын адамның әрекеті қалай екенін кім зерттеп көрді? Ол сенбілікке қатысып көрді ме? Ол мұқтаж адамға қол ұшын созды ма? Қоғамды өзгерту үшін жалпы не істеді?

- Баланы сен ерекшесің, сен дарасың деп тәрбиелеу дұрыс емес болғаны ма?

- Баланың ерекше, дара екені туралы айтқан кезде оның соңы тәкаппар болып кетпейуін қадағалау керек. «Сен ерекшесің, дарасың, бірақ қоғамның бір бөлшегісің» деген нәрсені дұрыс түсіндіре білген жөн. «Олай етпе, бұлай етпе», «Мынаны көруге болмайды» деп тыйым сала берген де дұрыс емес, себебі бәрін ішінде бүгіп өскен бала белгілі бір жасқа жетіп, еркіндікті сезінген кезде ойына келгенін істеп кетуі мүмкін. Ең дұрысы, балаңызға не айтсаңыз да не үшін айтқаныңызды, себебіңізді түсіндіру керексіз.

YouTube КӨРУГЕ ТЫЙЫМ САЛА АЛМАЙСЫЗ

- Сіз мектепте директорсыз, үйде әкесіз. Қазіргі балалар YouTube-ті көп қарайды. Осындай жағдайлар өз басыңызда да болатын шығар?

- Әйелім ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Үш баламыз бар. Маған да ұл-қыздарым көп сұрақ қояды, мен жауап беремін. Қазіргі уақытта бес жастағы қызым көп сұрақ қояды. Мысалы, YouTube көруді тыйым салып тоқтата алмайсыз. Ең дұрысы – кейбір видеороликтерді не үшін көруге болмайтынын асықпай, дұрыстап түсіндіріп беру керек. Егер жауап беруге ерінсеңіз, ол жауапты басқа жақтан іздей бастайды.

- Сұхбатқа не алып-қосқыңыз келеді?

- Әз азаматтың өз ұстанымы болса және сол ұстаным бойынша әрекет етпесе – қоғамда ештеңе өзгермейді. Мектепте өтетін пәндер – баланың болашақтағы өміріне керек болатын құрал, мұғалімнің мақсаты – осы пәндерді арадағы көпір ету арқылы алдында отырған оқушының азамат болуына ықпал ету.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Фотолар кейіпкердің жеке мұрағатынан

Соңғы жаңалықтар