Мектеп оқушысы банк клиенттеріне ыңғайлы мобильді қосымша жасады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 «М» сынып Любовь Дудченко «Baiterek hackathon - 2019» инновациялық жобалар байқауында «Үздік IT-жоба» номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өз жобасын жүзеге асыру үшін Любовьқа ұйымдастырушылар тарапынан 1 000 000 теңгелік сертификат берілді.

Хакатонға қатысуға 550-ден астам өтінім келіп түссе, оның 200-ден астамы ғана іріктеуден өткен. Республикалық байқаудың финалы 29 қараша мен 1 желтоқсан аралығында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» ұйымдастыруымен, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі мен «QazTech Ventures» компаниясының қолдауымен Алматы қаласында өтті.

«Байқаудың басты мақсаты – жоба әзірлеушілер мен бизнес-инвесторлар арасындағы алшақтықты жою» дейді ұйымдастырушылар. Олар хакатон қатысушыларына банк клиенттерінің үйден шықпай-ақ, қызметті онлайн алуының бағдарламалық жасақтамасын ойлап табуды ұсынды. Қатысушылардың ұсынған шешімдері тиімді, қарапайым жолмен жүзеге асатын және клиенттер үшін түсінікті болуы тиіс деген талап қойылған.

Любовь Дудченко жоба бойынша серіктестері Ильяс Ахметов және Есентай Құрманбаевпен бірге банк үшін салымшы бонустарын жинап, өзінің виртуалды үйін құрастыра алатын мобильді қосымша әзірлеп шығарған.

«Бұл банк клиенттері салымының қарқынын арттыруға көмектеседі. Сонымен қатар, бұл қосымшада жеке куәлікті сканерлеудің арнайы функциясы бар. Оның көмегімен банктегі кезекті қысқартуға болады, себебі сауалнама толтыру және клиенттердің мәліметтерін деректер базасына жіберу автоматты түрде жүргізіледі», - дейді Любовь.

Соңғы жаңалықтар