18:44, 18 Қаңтар 2021 | GMT +6
Мектептегі «бомба»: Ақтөбе полициясы 600-ден астам адамды эвакуациялады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы №51 мектеп-гимназиясының электронды поштасына білім ордасында жарылғыш зат бар екені туралы хабарлама түсті. Полиция 600-ден астам адамды эвакуациялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Барлық шұғыл қызмет дереу оқиға орнына шықты. Оқушыларды, оқытушылар құрамы мен өзге де қызметкерлер эвакуацияланды. Барлығы 600-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Арнайы бөлімше саперлері ғимараттағы жарылғыш құрылғыларды анықтау үшін тексеру жүргізді», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Жарылғыш құрылғы табылған жоқ.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция департаменті күдіктіні анықтау және ұстауға бағытталған жедел іс-шараны жалғастырып жатыр.