Мембағдарламалар бойынша салынған тұрғын үй бағасы қымбаттай ма

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат— Қазақстандағы баспана бағасының қымбаттауына не себеп және мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғызылған баспана бағасы көтеріле ме? Халықтың көкейінде жүрген сұраққа «Отбасы банк» АҚ Алматы филиалы директорының орынбасары Данагүл Түсіпова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онлайн брифинг барысында мемлекеттік бағдарламамен салынған баспана бағасы қымбаттай ма деген сұраққа жауап берілді.

«Әлеуметтік баспана «Нұрлы жер« мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғызылады. Сайып келгенде бағасы да бағдарлама бойынша енгізіледі. Яғни, баспана қымбаттамайды. Бүгінгі таңда Алматы бойынша «Шаңырақ« мемлекеттік бағдарламасымен салынатын баспананың шаршы метрінің бағасы 240 мың теңгеге дейін», -деді маман.

Банк қызметкері қазіргі таңдағы баспананың қымбаттау себебін түсіндірді.

«Ия, біз шын мәнінде бірінші және екінші нарықтағы бағаны бақылап отырамыз. Баспана қымбаттаған. Бірақ, бұл құбылыс тұтынушылардың зейнетақы қорынан ақшасын шешуіне байланысты деп айта алмаймын. Өйткені, Қазақстанда тек 700 мың адам ғана зейнетақы қорынан өз салымдарын ала алатыны әу бастан айтылды. Бүгінгі таңда олардың тек 10 мыңы ғана өз жинақ ақшасын алған. Бұл дегеніміз зейнетақы жинағын баспана алуға пайдаланбайтынын көрсетеді»- деді Данагүл Түсіпова.

Оның айтуынша, зейнетақы жинағына өтініш беретіндердің басым көпшілігі екінші деңгейлі банктерден және «Отбасы банкінен» алған ипотекалық несиелерін бөліп төлейтіндер немесе толық жабатындар. Тұтынушылардың басым көпшілігінің зейнетақы салымы 500-ден 1,5 миллион теңге аралығында. Демек, баспана алуға жетпейді.

«Ия, халық арасында қарбалас туды. Бірақ, бағаның қымбаттауына тұрғын үй салушылар себеп болып отыр. Баспана салудың кезеңі бар: бірінші кезеңде баға арзан болады. Ал үй аяқталуға шақ қалғанда бағасы көтеріліп кетеді. Бұл тұрғын үй салушылардың көздеген саясаты. Сондай-ақ, екінші нарық бар. Онда сатушылар бағаны өздері қояды»,- дейді банк маманы.

Дана Түсіпованың айтуынша, баспана бағасы жылдың екінші жартысында арзандайды. Сондай-ақ Алматы қаласының тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміровтің сөзіне қарағанда, биыл қалада 8000 адам баспанамен қамтамасыз етіледі.

Соңғы жаңалықтар