Мемқызметшілерді қысқарту жұмыссыздыққа алып келмей ме
«Мемлекеттік қызметшілерді қысқарту жаппай жұмыссыздыққа алып келеді деп айта алмаймын. Себебі бұл саясатты баяғыдан жүргізіп келе жатырмыз. Бүгінде елімізде 90 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бар. Қысқартқан жағдайда біз бірден жұмыстан шық демейміз, барлығы заң аясында жүзеге асырылады. Қысқартуға ұшыраған маманға мемлекеттік емес немесе квазимемлекеттік ұйымдардан жұмыс табылуы мүмкін. Жалпы мемлекеттік басқару саласында осы секілді реформалар жүргізу ол заман талабы және президент тапсырмасы», - деді Еркін Дүсіпов елордадағы «ANTIKOR ORTALYGY» -да өткен тікелей эфир барысында.
Спикердің айтуынша, мемлекеттік қызметшілерді қысқарту жұмысы пилоттық жоба ретінде еліміздің бірнеше өңірі мен органдарында іске асырылуда.
«Мемлекеттік қызметшілердің санын азайту пилоттық жоба ретінде Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы және Маңғыстау облысы әкімдігінде жүргізілуде. Одан бөлек, Әділет министрлігі және бұрынғы Мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік бір орган болып тұрған кезде іске асырылды. Қазіргі уақытта барлық саны 8 мемлекеттік органда мемлекеттік қызметшінің санын азайту жобасы атқарылуда», - деді ол.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқартуды жеделдетуді тапсырған болатын.