Мемқызметшілердің қызметтік куәліктері сәйкестендіру карталарына алмастырылады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда мемлекеттік қызметшілердің қызметтік куәліктері сәйкестендіру карталарына алмастырылатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Халықаралық тәжірибеге сәйкес мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігінің қызметтік куәліктері сәйкестендіру карталарымен алмастырылады деп күтілуде. Болжам бойынша, бұл заң 6 ай уақыт аралығында күшіне енеді. Сәйкестендіру картасымен кез келген мемлекеттік мекемелерге кедергісіз кіруге, сондай-ақ картаны жеке куәліктің орнына да қолдануға болады», - деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов.

Оған қоса, қабылданған заң бойынша әкімшілік лауазымдарға конкурстан тыс тағайындалуға құқығы бар тұлғалардың аясы кеңейді. Олардың қатарына соңғы бес жыл ішінде халықаралық, шетелдік және трансұлттық ұйымдарда жұмыс тәжірибесі бар, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарын аяқтаған мамандар және PhD докторлары кіреді.

Тоқтамыс Жұмағұловтың мәліметінше, Павлодар облысында «Болашақ» бағдарламасымен оқыған 9 адам мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істейді.

Бұдан басқа, енгізілген түзету бойынша, әкімшілік мемлекеттік қызметке конкурс бойынша түсу реті күшін жоймайды. Конкурсқа бекітілген талапқа сәйкес барлық азаматтар қатыса алады. Тек әкімшілік лауазымға конкурстан тыс тағайындала алатын тұлғалардың аясы кеңейді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейту бойынша бірнеше түзетулер енгізілді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен, жетекші қызметкерлерге бағынышты мамандардың сыбайлас жемқорлық қылмыстарын алдын алу мақсатында міндеттерін тиісті деңгейде орындамағандары үшін жауапкершілікке тарту қарастырылған. Олардың қатарына, министрлер, облыс әкімінің орынбасарлары мен аудан әкімдері сияқты тұлғалар жатады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын алдын алу мақсатында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және басқарушылық тәжірибелерін тиімді пайдалану үшін саяси қызметкерлердің ротациясы енгізілді», - дейді департамент басшысы.

Мемлекеттік қызмет туралы заңнамадағы тағы бір жаңашылдық – Елбасының тапсырмасымен басқарушылық лауазымдарға үміткерлер Назарбаев Университеті және Мемлекеттік басқару академиясында «Жаңа формациядағы жетекші» бағдарламасы бойынша оқудан өтеді. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілер меморгандардың қызметі саласы бойынша өзге де білім беру ұйымдарында оқу құқығына ие.

Айта кетейік, мемлекеттік қызметке екінші рет түсетін тұлғалар үшін сынақ мерзімі бұдан былай болмайды.

Соңғы жаңалықтар