Мемлекет басшысы адам саудасы туралы: Жағдай күрделі деп айтуға болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам саудасына қатысты мәселеге жеке тоқталып, бұл бағытта тіркелетін қылмыстарды анықтау үшін нақты шараларды қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адам құқығын қорғау – күн тәртібінде . Бұл мәселе бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізуіміз керек. Бұл адам саудасымен күреске де қатысты. Бұл ретте шешілмей жатқан мәселе көп. Тіпті жағдай күрделі деп те айтуға болады. Адам саудасы туралы халықаралық рейтингтер мен баяндамаларда Қазақстанның жағдайы онша емес. Мен бұл мәселеге Жолдауда жеке тоқталдым. Ендігі кезекте барлық уәкілетті органдардың батыл әрі үйлесімді әрекеті керек. Қазақстанның заңнамасын халықаралық стандарттарға сай бейімдеген абзал», - деді Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

Мемлекет басшысының айтуынша, адам саудасына қатысты қылмыстардың алдын алу және оларды анықтау бойынша нақты шараларды қабылдау керек.

«Адам саудасы мен мәжбүрлі еңбектің зардабын шеккен шетел азаматтарының бәріне көмек көрсетілуі тиіс. Мыңдаған адамның тағдыры мен Қазақстанның абыройы қабылданған шаралардың тиімділігіне байланысты», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар