Мемлекет басшысы: Азаматтық қоғам құру – негізгі басымдықтың бірі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда жұмысын бастаған Х Азаматтық форумының қатысушыларына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауы жолданды. Мемлекет басшысының құттықтауын ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев оқып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Баршаңызды Х Азаматтық форумның ашылуымен құттықтаймын! Бұл – мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың үйлесімді дамуына зор үлес қосатын маңызды басқосу. Азаматтық қоғам құру – біз үшін негізгі басымдықтың бірі. Елбасының бастамасымен 2003 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан форум – осының айқын дәлелі. Диалогтың осы үлгісі көптеген мәселені талқылап, ұсыныс әзірлейтін тиімді пікірталас алаңына айналды. Форум азаматтық бастамаларды қолдау үшін жүйелі шаралар қабылдауға септігін тигізуде. Сондай-ақ, стратегиялық және заңнамалық құжаттар дайындауға ықпал етуде», - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы бекітілгенін, бұл құжат билік органдары мен қоғамдық ұйымдардың серіктестігін күшейтуді көздейтінін атап өтеді. Оған қоса аталған құжат тұрғындардың елдік істерге еркін араласуына мүмкіндік береді.

«Шын мәнінде, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» пен әділетті қоғам құру жолында өзара ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Егемендік жылдары Қазақстанда үкіметтік емес сектордың қызметі айтарлықтай жанданды. Қазір 2500 ұйым мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен гранттық қолдауға ие болып отыр. Олар жыл сайын екі мыңнан астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырады. Үкіметтік емес ұйымдар сан түрлі саланы өркендетуге атсалысып келеді. Індет кезінде қоғам өкілдері, волонтерлер мен меценаттар отаншылдық пен елге қамқорлықтың нағыз үлгісін көрсетті. Біз осындай игілікті істерді жалғастыра беруіміз керек. Бүгінгі басқосу азаматтық белсенділікті одан әрі арттырып, сындарлы қоғамдық диалогты нығайта түседі деп сенемін. Форумның жұмысы табысты болсын!», - делінген құттықтауда.


Соңғы жаңалықтар